Алматыда блогерлер ұсталды, сенатор ескі көлік иелері жаңасын алғанша айыппұл төлеп жүре тұрсын, деген пікірде және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 23 қаңтар. ҚазТАГ – Алматыда блогерлер ұсталды, сенатор ескі көлік иелері жаңасын алғанша айыппұл төлеп жүре тұрсын, деген пікірде және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Ескі көлік мініп бес минуттан артық қыздырса, айыппұл төлесін – сенатор

Сенат депутаты Марат Қожаев аулада көлікті бес минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салу туралы нормаға пікір білдіріп, аталған жазаны алып тастауды қолдамайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Көлікті қыздыруға бес минут толығымен жеткілікті. Жыл сайын көліктердің техникалық сипаттамасы өзгеріп жатыр. Заманауи көліктер арнайы push-start жүйесімен жабдықталған. Бұл дегеніміз – көлік тоқтаған кезде, мысалы бағдаршамда тежегішті бассаңыз, көлік қозғалтқышы сөнеді. Ал тежегішті жіберсеңіз, қозғалтқыш қайта іске қосылады. Бұл техникалық шешім не үшін қажет? Атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жасалған», - деді Қожаев.

Журналистердің «Ескі көліктері бар жүргізушілер не істейді?», деген сауалына:
«Олар уақыт өте келе бұл көліктердің пайдалану мерзімі біткенде, техникалық талаптарға сай келетін жаңаларына ауысады. Ал ескі көліктер белгілі уақыттан кейін қолданыстан шығарылады. Оған дейін егер ережелерді бұзатын болса айыппұл төлейді», - деп жауап берді сенатор.

Алматыда блогерлер ақша бопсалағаны үшін ұсталды

Алматыда блогерлер ақша бопсалап, Т10 млн алып жатқан жерінде ұсталды. Олар кәсіпкерлерді желілерде компроматтар жариялаймыз деп қорқытқан, деп хабарлайды Stan.kz.

Полицияның мәліметінше, жәбірленушінің арызы бойынша кәсіпкер мен екі блогер ұсталды.

«Күдіктілер әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймыз деп қоқан-лоқы көрсетіп, Т8 млн бопсалаған. Сондай-ақ олар жәбірленушіні сот шешімімен кәсіпкер төлеуге міндеттелген Т20 млн-ды талап етуден бас тартуға көндірмек болған. Қаскөйлер Т10 млн алып жатқан жерінде ұсталды», – делінген хабарламада.

Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Дәрі-дәрмекті екі есе қымбаттатқан фармкомпаниялардың былығы ашылды»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұсыныс жасап, елдегі дәрі-дәрмектер мен медицина бұйымдары бағасын төмендеткелі отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 2024 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын сараптау ұлттық орталығы (ДЗСҰО) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізген. Бұған дейін «СК-Фармация» ұйымында жүргізілген талдау сатып алу құнының негізсіз артқанын анықтаған еді.

«Негізгі тәуекелдер – шығындар мен жеткізушілердің үстемеқысы туралы ақпараттың жабықтығы, ақпараттық жүйелердің бөлшектенуі және деректерді қайта тексеру механизмінің болмауы. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары жеткізушілердің көлік шығындарына, маркетиңге және сапаны бағалауға негізсіз үстемеақы енгізу арқылы дәрі-дәрмек бағасын белгілеуге мүмкіндік берген. Осылайша, дәрі-дәрмектердің тіркеуден өткеннен кейін дәріханалар сөрелеріне жеткенге дейінгі баға екі еседен астам өскен», – дейді антикор.

Осыдан үлкен фармацевтикалық компаниялар артық пайда тапқан.

«Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

Отбасы Банкі «Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасы іске қосылғанын мәлімдеді. Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлерін баспанамен қамтуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне Т72 млрд көлемінде 2 440 несие берілмек. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 17 наурызына жоспарланған.

«Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін Т30 млн, Астана мен Алматы қалалары үшін Т36 млн», - делінген үкімет хабарламасында.

Фото көзі: polisia.kz


adimage