Аймағамбетов латын әліпбиі туралы: мәдениет және спорт министрлігі пысықтайтын болады

Астана. 5 желтоқсан. ҚазТАГ – Махамбет Абжан. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіруді ары қарай пысықтайтын болады, деп мәлімдеді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
«Қанатқақты жоба дегеніміз ол қанатқақты жоба. Қанатқақты жоба қорытындысы бойынша нақты қорытынды жасалады. Қазір мәдениет министрлігіне әліпбиді ары қарай пысықтау тапсырылды, олар қарап болғаннан кейін, біз жазылу ережесі мен әліпбидің өзі бекітілгеннен кейін тіисті жұмыстар жүргіземіз», - деді Аймағамбетов бейсенбідегі сенат кулуарында.
Министр атап өткендей, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша «де-факто және де-юре бүгінгі күні бізде президенттің қайта қарау керек деген тапсырмасы бар».
«Және әзірге аяқталған және бекітілген нұсқасы жоқ. Сондықтан 2020 жылы мектептерде латын әліпбиімен оқытады деуге әлі ерте. Себебі бұл ұзақ процесс. Алдымен бекітулері керек, сосын емле ережесі болады. Содан кейін «ұшырылады». Сосын біз тиісті дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Тек содан кейін ғана оқу-әдістемелік құралдар, кітаптар дайындалады. Бұл өте ұзақ жұмыс. Тек содан кейін ғана біз латыншаны енгіземіз», - деді Аймағамбетов.
Еске салсақ, бұған дейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Deutsche Welle телерадиокомпаниясына берген сұхбатында қазақ әліпбиінің латын графикасындағы барлық үш нұсқасын сәтсіз деп атаған болатын.
«Қазақ тілінің латынша үш нұсқасы ұсынылды. Үш нұсқа да менің ойымша, сәтсіз. Мен тиісті ведомстволарға латыншаны қайта қарауға, ғылыми тұрғыдан жасауға, асықпай 2025 жылы аталмыш мәселені шешуге кірісуге тапсырма бердім», - деді Тоқаев.

adimage