Тоқаев Халықаралық қазақ тілін қолдау қорына жеке қаражатынан 7 миллион теңге аударды

   Астана.7 желтоқсан.ҚазТАГ- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық қазақ тілін қолдау қорына жеке қаражатынан 7 миллион теңге аударды, деп хабарлайды халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжехан.
   «12 қазан күні президенттің қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсындым. Мемлекет басшысы ұсынысты қолдаған еді. QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды", - деп хабарлады Кенжеханұлы бейсенбі күні.
   Оның айтуынша, бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
   "Инвестициялық қызметтен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады. Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған. Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүниежүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді. QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды", – деді ол.

adimage