Тоқаев ГФР Федералдық канцлерімен телефон арқылы сөйлесті

Астана. 29 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР Федералдық канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Германия тарапының бастамасымен өткен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц екіжақты қатынастардың практикалық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Берлинге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса мән берілді», – делінген хабарда. Хабарда атап өтілгендей, тараптар сауда-экономикалық ықпалдастық қарқыны жоғары екеніне ерекше назар аударып, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытты.
«Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, екі елдің халықаралық аренадағы күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда тараптар алдағы уақытта Астанада «Орталық Азия – Германия» форматында өтетін жоғары деңгейдегі кездесудің мәні зор екенін атап өтті», - делінген хабарда.

Фото көзі: Ақорда баспасөз қызметі


adimage