Ниязовтың ісі, апат кезінде азық-түлік бағасын негізсіз көтеру және тағы басқа тақырыптар дайджесті

    Астана. 12 сәуір. ҚазТАГ - Журналист Асхат Ниязовтың ісінде қылмыс құрамы жоқ, су тасқыны болған аймақтарда кәсіпкерлер азық-түлік бағасын негізсіз көтерген және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсанады.
«Адвокат: Асхат Ниязовтың ісінде қылмыс құрамы жоқ»
Адвокат Әсел Тоқаева қорғауындағы Асхат Ниязовқа қатысты әкімшілік іс туралы айтып берді, деп хабарлайды ZHasalash.kz.
«Асхат басқа адамның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған ақпарат таратпаған.Біріншіден, Асхат бөліскен пост ақпарат комитетінің беделіне қандай да бір әсері жоқ және, әрине, ешкімнің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмейді. Екіншіден, бұл жала жабу ісінде шағымданушы жоқ. Яғни, бұл постқа қатысты ешқандай жеке тұлғаның арызы жоқ. Ал, арыз берілмесе, ешқандай іс жүргізу мүмкін емес. Сондықтан, мұны тоқтату керек», - деді қорғаушы.
«Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Алматыда арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі. Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет», - деді мемлекет басшысы.
«Су тасқыны болған аймақтарда кәсіпкерлер азық-түлік бағасын негізсіз көтерген»
Сауда министрлігі әкімдіктермен және өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялармен бірлесіп, сауда объектілеріне азық-түлік тауарлары қорларына тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Halyq-uni.kz.
Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, еліміздің су тасқынынан зардап шеккен 10 өңірінде азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне қарсы шаралар қабылданған.
Министрліктің айтуынша, су тасқыны кезеңінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтергені үшін еліміздің 10 өңірі бойынша 46 әкімшілік қаулы шығарылды, оның ішінде алтауы айыппұл және 40 ескерту. Ақтөбе және Атырау облыстарындағы жағдайға ерекше назар аударылды. Мысалы, күнбағыс майына, жұмыртқаға, қарақұмыққа, сәбізге, картопқа, қырыққабатқа және қантқа тауарлық үстеме бағаны асырып жіберген бөлшек сауда кәсіпорындары жауапкершілікке тартылды.
«Бозымбаев: Халықты алдағандар жауапкершілікке тартылады»
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны кезінде дүрбелең тудыратын жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын еске салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Вице - премьердің айтуынша, әлеуметтік желілерде көптеген жалған ақпараттар таратылып жатыр. Мұндай жалған ақпараттар қоғамда, әсіресе зардап шеккен өңірлерде жиі қорқыныш тудырады.
«Тиісті құрылымдар мұндай жалған ақпаратқа талдау жүргізеді, қажетсіз дүрбелең тудырып, отандастарын алдаған кез келген азамат, өз әрекеттері үшін нақты ақы төлейтін болады", - деді Қанат Бозымбаев.
«Сандық кітаптар: оқулықтардың 100% сандық форматқа ауыстырылды»
Бүгінде мектеп оқулықтарының цифрлық форматқа көшірілу көрсеткіші 100%-ды құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Пәндерді оқытуда инновациялық әдіс - тәсілдерді енгізу мақсатында педагогтердің қолдануы үшін әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Мұғалімдер сабақтарды заманауи цифрлық технологияларды, онлайн коммуникацияларды, саралау мен даралауды пайдалана отырып өткізеді, сондай-ақ онлайн ресурстарды қолдану бойынша білімдерін жетілдіреді», - деді Қазақстан Республикасы оқу ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін 20 өңірдегі 1072 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталды.

Фото көзі: esquire.kz


adimage