Ермұрат Бапи: Маған хайп мүлдем керек емес

Астана. 12 шілде. ҚазТАГ – Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи тағы да оны Қазақстаннан кетіп қалыпты-мыс дегендерге жауап берді, деп хабарлады агенттік тілшісі.

«Бірден айтайын, мен әзірге Қазақстаннан ешқайда кеткен жоқпын. Елдемін. Денсаулығым да соншалықты қатерлі жағдайда деп ойламаймын. Бірақ аяқ астынан пайда болған белгісіз дертке байланысты наурыз-сәуір айларында Президенттің іс басқармасына қарасты клиникада жатып, толық кешенді тексеруден өттім. Қан мен дәреттен бастап, бүйрек, бауыр, асқазан, іш құрылыс, паразиттік және токсикологиялық анализды қосып, биопсияға дейін тапсырдым. Дәрігерлік концилиум ешқандай дерттің дерегін таппады. Дәл сол клиникада жатқан кезімде денемнің әр жерінде тағы да ісіктер пайда болды. Консилиумға қатысушы дәрігерлер ол ісіктерді қолмен ұстап, өз көздерімен көрді. Бірақ ешқандай диагноз қоя алмады. Барлық анализдерді тексеріп, аллергия емес деді», - деп түсіндірді жағдайын Бапи.

Сонымен қатар оның айтуынша, дәрігерлер «40 жыл дәрігерлік тәжірибелерінде мұндай жағдаймен бірінші ерт кездескендерін» айтыпты.

«Ал әртүрлі медиада сан саққа алыпқашпа жарияланымдарға қатысты айтар болсам, бұл ақпарат қаскүнемдер қолынан Украинада қаза тапқан танымал жорналшы Айдос Садықовтың Алматыда өткен асынан кейін өршіп кетті. Бұл асқа мен де қатысуым керек еді. Бірақ дәл сол ритуалдан бір күн бұрын ауық-ауық пайда болатын сол ісіктер қайтадан қозды. Ас үстіндегі Құранға қол жаюға жиналған бірнеше қоғамшыл азаматтар: «Қайдасыз, күтіп отырмыз…» деп, мені іздеп, қоңырау шалды. Мен олардың әрқайсысына ауырып қалғанымды, асқа қатыса алмайтынымды айттым»,- деді депутат.

Ол расында да, соңғы төрт айдан бергі әдетте, бұл ісік шыға бастаған кезде адам айтқысыз қышу пайда болатынын айтады.

«Арқаңды — есіктің, қолыңды үстелдің қырына қасысаң да тыншу табу оңай емес. Дуылдап қышыған кезде, денеңнің қышыған жерін кесіп алып тастағың келеді. Артынша сол қышыған жерің күрт ісіне бастайды да, дене қызуың көтеріледі. Ісіктің салдарынан сағаттың бауы — білезігіңе, белдігің — ышқырыңа, аяқ киімің аяғыңа шақ келмей қалады. Бірақ осы жағдаятты маған телефон соққан, әлеуметтік желі арқылы мені іздеген қоғамшыл азаматтардың қайсы біріне түсіндірерсің? Тіпті, кейбірі менің «сылтауыма» сенімсіздік білдірген соң, ісіп кеткен қолымның фотосын Фейсбукқа салып, жалпыға жауап ретінде арнайы пост жарияладым. Міне, менің журналист ағайындарым мен «бүлдіргі» блогер бауырларым осы постқа өз пікір-пайымдарын қосып, дабыра қылып жіберді. Маған хабарласқан бірер интернет-ресурсқа жауап беріп едім, олар өз жарияланымларына айқайлаған айдар тағып, менің ісігімді одан арыға «ісітіп» ала жөнелді», - деді парламентарий.

Ермұрат Бапи клеткалық-моллекулярлық диагноздан өту үшін, мен бірер шетелдік клиникаға дәрігерлік анализдерімді жібергенін растады.

«Әкежан Қажыгелдин ағам мен Оппозицияның шетелдік бюросындағы жігіттер Германияда жұмыстанып жатыр. Қазір алғашқы келген шақыртуға орай Еуропаның бір еліне бару қамын жасаудамын. Мөлшері шілденің 20-сынан кейін жолға шығамын. Ал атышулы «Новичокқа» қатысты болжам Orda.kz порталына пікір білдірген спикерлерден тараған сөз, менің бұған ешқандай қатысым жоқ. Себебі, улану немесе улау дерегіне байланысты менің қолымда ешқандай дәйек жоқ. Күнібұрын күпіршілік жасай алмаймын. Ел ішіне белгілі болған «Ермұрат Бапи» деген аты-жөнім мен азды-көпті абырой атағым маған жеткілікті. Мен, біріншіден, хайп қуатын жастан асып кеткен адаммын. Екіншіден, маған даңғаза емес, денсаулық қажет», - деді Бапи.

Бұған дейін, «Орда» басылымы Бапи «Новичок» деп аталатын әскери улаушы затпен уланған болуы мүмкін деген ақпарат таратқан еді. Оны жекелеген шетелдк арнайы қызметтер ғана қолданады. Бұл жағдайды олар депутаттың Ескі Қазақстан мен діни радикалдардың өкілдеріне қатысты ұстанымымен байланыстырады. Басылым депутат Еуропа елдеріне кетіп қалды деп жазған еді. Алайда ҚазТАГ редакциясына мәжілісмен ешқайда кетпегенін және «Новичок» журналистердің өздерінің ғана нұсқасы екенін баса айтуда.

Фото көзі: Elmedia


adimage