Қарағандыдағы Нығматулиннің ферроқорытпа зауытының бір қызметкері көз жұмды

Қарағанды. 23 шілде. ҚазТАГ – Қарағандыда мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз сыңары Ерлан Нығматулинге тиесілі YDD Corporation ферроқорытпа зауытының бір қызметкері көз жұмды, деп хабарлады агенттік тілшісі.

«Әріптесіміз, пеш бастығы Исмайлов Мұзафар Имантайұлының ауруханада көз жұмғанын қайғыра хабарлаймыз», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Мұзафар Исмайлов 31 жаста екен. Оның денесінің 85%-ын күйік шалған болатын.

Жергілікті басылым хабарлағандай, ауруханада жатқандардың төртеуінің жағдайы өте ауыр, үшеуі ауыр жағдайда. Барлығының беті, қолы, кеуде тұсы мен іштерін күйік шалған.

Еске салсақ, 20 шілдеде YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай орын алған. №1 пеште кенеттен жалын сыртқа атқылап, кәсіпорынның сегіз жұмысшысы зардап шеккен. Қылмыстық іс қозғалды.

Компания жоғары маркалы ферросилиций, цемент, бетон-микрокремнез өндірумен айналысады. Ерлан Нығматулин – мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз сыңары, Қарағандыдағы «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытының қосалқы иесі болып келеді.

adimage