Сатыбалдының Дубайдағы, Франциядағы, Мәскеу мен Бодрумдағы миллиардтаған активтері қайтарылуда

Астана. 15 тамыз. ҚазТАГ – Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені – Қайрат Сатыбалдының Дубайдағы, Франциядағы, Мәскеу мен Бодрумдағы миллиардтаған активтері қайтарылуда, деп хабарлады Қазақстан бас прокуратурасының активтерді қайтару комитетінің баспасөз қызметінен.

«Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қ.Сатыбалдыұлының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл активтердің жалпы сомасы бағалауды ескергенде, 50 млрд теңгеден асады. (…)Жалпы сомасы 33 млрд теңгені құрайтын Қ.Сатыбалдыұлы мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында.Оларға: Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла; Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер; құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік; құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Стамбул қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады», - делінген бейсенбідегі хабарда.

Хабарда атап өтілгендей, қазіргі таңда 18 млрд теңгеге активтер қайтарылды, олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар.

«Сатыбалдыұлынан тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды. Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар) мемлекетке қайтарылды. Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер қайтарылды. (…)Басқа істерді ескере отырып, Қ.Сатыбалдыұлы 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңгеге активтерді қайтарды», - деп нақтылады комитеттен.

Еске салсақ, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салғаны үшін Қайрат Сатыбалды 6 жылға бас бостандығынан айырылды. 2023 жылы экс-презденттің туысы айыпталып отырған басқа да қылмыстар бойынша тергеу амалдарын жалғастырды. Қайрат Сатыбалдыға қарсы қылмыстық жолмен келген кірісті жымқыру ісі сотқа 10 қаңтарда түсті. 1 сәуірде Сатыбалды аталмыш іс бойынша кінәсін мойындады. 11 сәуірде белгілі болғандай, ақша жымқыру ісі бойынша Сатыбалдыға қатысты сот Астанада кейінге қалдырылған.

2024 жылдың 12 тамызында Қайрат Сатыбалдынның ісі бойынша мемлекетке Т733 млрд қайтарылғаны хабарланды – «антикор» нақты қандай активтер екенін де нақтылап берген еді.


adimage