Тоқаев «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама құруды ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесіне тоқталып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін қабылданған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Turkistan.
Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.
«Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық. Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда. Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек», – деді президент.
«Жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті»: Президент қайырымдылыққа деп ақша жинап, жеке басының пайдасына жарататындарға ескерту жасады
Мемлекет басшысы кейінгі кезде елді алдап қайырымдылыққа ақша жинайтындар мен жалған психолог-коучтардың қоғамда көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz.
«Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатыр», – деп мәлімдеді құрылтайда президент.
Ол сонымен қатар, қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кеткенін сынға алды.
«Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс», – деді ол.
«Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі туралы соңғы нүктені қойды»
Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайында Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты арнайы зерттеулер жүргізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
«Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі үкімет пен парламент деңгейінде жан-жақты талқыланды. Арнайы зерттеулер жүргізілді, оның нәтижесі қоғамда туындаған алаңдаушылықты растамады. Үкімет мүшелері, депутаттар мен сарапшылардың көпшілігі бұл шешімді қолдайды. Салыстырмалы түрде халқы аз, бірақ аумағы үлкен елімізде біртұтас уақыт белдеуі енгізілуі мүмкін. Бұл мемлекеттік басқаруды жеңілдетіп, логистикалық және өзге де процестерді оңтайландыруға көмектеседі. Менің ойымша, осы талқылауды аяқтау қажет. Бұл мәселені саясаттандыруға болмайды», – деді мемлекет басшысы.
«Сапаға көңіл бөлу керек»: енді фильмдер кинотеатрға шығар алдында арнайы сүзгіден өтеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында арзан күлкіге негізделген фильмдер көбейгенін айтып, түйткілді мәселені көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент өз сөзінде кино маңызды идеологиялық құрал екенін еске салып өтті.
«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.
Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн», - дейді Тоқаев.
Источник фото: pixabay.com