Токио. 13 наурыз. ҚазТАГ – Ахмет Алиев. Пайыздық қатынаста аздаған науқастардың ғана анықталғаны болмаса, коронавирус індетінің жоқтығына қарамастан соншалықты шұғыл шаралардың Жапонияда неге қабылданып жатқанын түсіну үшін Жапонияның халқы тығыз орналасқан мемлекет екенін ескеру керек.
Жапония – аралда орналасқан мемлекет, құрлығының алаңы 378 мың шаршы шақырымды құрайды, оның 70%-ы тау болса, 67%-ы орманды. Бұл жерде 126 млн жуық халық тұрады. Халық тығыздығының орташа көрсеткіші 1 шаршы шақырымға 336 адамнан келеді. Бірақ Жапония халқының біраз бөлігі жағалау маңы аудандарында тұрады. Бұл баяғыдан солай қалыптасқан және ол ең алдымен Жапония өңірлері мен жекелеген аралдар арасындағы коммуникацияның негізгі бөлігі болып табылатын порттарға жақын болу мақсатымен байланысты.
Порты бар қалаларда сауда, тауарлар мен қызметтер алмасу жүзеге асырылады. Осы себепті қалалардағы халықтың шын мәніндегі тығыздығы барынша жоғары. Мәселен, Токиода - 6280 адам/ш. км, Осакада – 12 мың адам/ ш. км. және бұл халықаралық туристер мен қала маңдарынан және жақын орналасқан елді-мекендерден күн сайын жұмысқа келетіндерді есептемегенде.
Токиодағы вокзал пойыздарының саны жағынан Жапониядағы ең жүктемесі жоғары станция – күніне 4 мыңнан астам пойыз өтеді. Тек осы вокзалда ғана күн сайынғы жолаушылар ағыны шамамен 880 мың адам. Алайда Токиодағы барлық станциялардың арасында көш бастап тұрғаны Синдзюку станциясы, бұл жерде күн сайынғы жолаушылар ағыны 1, 54 млн жолаушыны құрайды. Және бұл тек бір ғана Токиода. Егер басқа да ірі қалалар мен туристер саны артып отырған туристік орталықтарды қарастыратын бослақ, онда Жапонияда халықтың қаншалықты тығыз екені түсінікті болады. Қазақстанмен салыстырар болсақ – 1 шаршы шақырымға 6 адамнан да аз. Міне, сондықтан Жапония COVID-19 вирусы індетінің өршу қаупіне жіті мән беруде.
Халқының тығыздығының жоғарылығы, басқа елдерден келетін туристер ағынының артуы мен Токиода өтетін олимпиада ойындарының жақындауы шынымен де Жапонияны шұғыл әрекет етуге мәжбүрлейді. Қазір Жапонияда бұл вирустың басқа тұмаумен салыстырғанда қаншалықты қауіпті екенін айтпай жатыр. Маңыздысы – әзірге белгісіз, зерттелмеген жаңа вирустың таралуына жол бермеу.
Жыл сайын Жапонияда, барлық жердегідей, тұмаудың басқа түрлерімен, басқа да виурстық салқын тию ауруларымен жүз мыңдаған адам ауырады. Осы уақытқа дейін орын алған аурулар мұндай қорқынышты болмайтын, себебі оларды емдеу тәсілдері белгілі және жалпы олармен күресу тәсілі де белгілі. Ал қазіргі жағдайда жаңа коронавирус әлі жеткілікті деңгейде зерттелмеген, билік пен медициналық мекемелер бұл аурудың пайда болуына дайын емес болып шықты. Әлемнің көптеген елдерінде осы жағдай орын алуда. Ухань қаласындағыдай аурудың өршуіне жол бермеу керек. Жалпы техникалық және экономикалық тұрғыдан арзанырақ алдын алған дұрыс, кейін салдарымен күрескенше. Қазір Жапонияда болып жатқан нәрсе – індеттің өршуі де емес және онымен күрес те емес. Бұл коронавирус індетіне жол бермеуге тырысу.
4 наурыздағы жағдай бойынша, бүкіл Жапонияда COVID-19 вирусын жұқтырудың 1 мың жағдайы тіркелген. Оның ішінде 706 адам - Diamond Princess круиздік лайнерінің жолаушылары, 828 адамның 14-і ауру шыққан Қытайдан бес чартерлік рейспен 29 қаңтар мен 17 ақпан аралығында үйлеріне оралғандар. Қалғаны Қытайдан келген туристерден және басқалардан жұқтырған Жапониядағы адамдар. Қазіргі таңда 58 адамның жағдайы ауыр, 12 адам қайтыс болды.
28 ақпанда Жапонияның солтүстігінде орналасқан Хоккайдо префектура билігі төтенше жағдай туралы жариялады. Сол мезетте Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ бүкіл Жапонияда 2 наурыздан бастап көктемгі демалысқа дейін мектептерде сабақтың тоқтатылғаны туралы хабарлады. Жапонияда көктемгі демалыс 20 наурыздан бастап 10 сәуірге дейін жалғасатын. Әр префектурада мектеп демалыстарының басталу және аяқталу кестесі бар. Префектуралық және қалалық билік мұндай мәселелерде өз беттерінше шешім қабылдау құқығына ие. Мәселен, Кобе қаласында мектептерде карантиин 2-15 наурыз аралығына жарияланған. Бұл ретте, оның ұзартылуы да мүмкін. Ал Киотода мұндай шаралар туралы тек бүгін ғана жариялады.
Көптеген фирмалар, қоғамдық және спорттық мекемелер билік шешімін қолдау туралы шешім қабылдап, бұқаралық шаралардың уақытша тоқтатылатыны туралы хабарлады. Тіпті 8 наурызда Осакада өтуі тиіс көктемгі сумо жарысын да көрермендерсіз өткізу туралы шешім қабылданды. Осы сияқты шешімдерді қабылдауда жергілікті билік белгілі бір деңгейде еркіндікке ие және жергілікті жердегі нақты жағдайға қарай әрекет етеді.
29 ақпанда Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ індетті болдырмау шараларына 270 млрд йен (шамамен $2,5 млрд) бөлу туралы шешім қабылдады. Билік жоспарлаған кешенді шаралар ішінен қаражаттың бір бөлігі мектептерде карантиннің енгізілуінен балаларымен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарды қолдауға және субсидиялауға арналған. Осындай төлемдердің сомасы күніне 8830 йен (шамамен $80) құрайды.
Биліктің әрекеті барлығының бірдей көңілінен шықпай да жатады. Кейбірі ол кеш қабылданған десе, кейбірі дұрыс ойластырылмаған және тиімсіз деп санайды. Теледидардағы тікелей эфирде депутаттар, оппозициялық партия өкілдері Абэ мен оның кабинетін ашық сынға алуда. Мәселен оппоненттерінің пікірінше, 3 ақпаннан 1 наурызға дейін Йокогома айлағында тұрып қалған Diamond Princess круиздік кемесіндегі карантиндік шаралар кезінде Абэ үкіметі жұмыстарды дұрыс ұйымдастырмаған деседі.
Қарапайым азаматтар тіклей эфирде жалпы жапониялық NHK арнасында осындай пікір-таластарды қарап, сыни ескертпелерді тыңдауға, премьер министрге қойылған сұрақтар мен оның жауаптарын есту мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар вирусты анықтауда талдауларды өңдеуде де жағдай мәз емес.
Үкімет бүгінде бір күнде 3800 адамды тексеру мүмкіндігі барын мәлімдеуде, бірақ шын мәнінде орта есеппен тек 900 адам ғана тексеруден өтеді. Тіпті 3800 болғанда да бұл өте жеткіліксіз. Оңтүстік Кореяда 29 ақпанға дейін 94 мың адамды тексеруден өткізді, ал Жапонияда шамамен 7 мыңдай адам. Әрине, мұндай сандар шын мәнінде үкіметтің қаншалықты нәтижелі әрекет етіп жатқаны туралы ойлантады.
Жапония ішінде ауру анықталған бірінші күннен бастап және Қытайдағы жағдай туралы қорқынышты жаңалықтардан кейін дүкендер мен дәріханаларда бетперделер бітіп қалды. Кейін сөрелерден дәретхана қағаздары, майлықтар және тіпті памперстер жоғалды. Ал азық-түлік пен басқа да тауарларға күтпеген жерден туған үрей әсер етпеді.
Әлеуметтік желілерде, кейбір БАҚ-та бетперделер Қытай зауыттарында шығарылады және көрші елде карантиннің енгізілуіне орай тауардың бұл түрінің жетіспеушілігі туындауы мүмкін деп күтілуде.
БАҚ-та, теледидарлардағы, YouTube-дегі Қытайдағы жағдай туралы қорқынышты фото-кино кадрлар адам бойында үрей мен күдікті одан сайын күшейте түсті. Билік әсіресе бетперделер өндірісін кеңейту туралы шаралар қабылдауда. Тіпті Sharp ірі корпорациясы да наурыз айының ортасында бетперде өндірісі бойынша үш желінің іске қосылатыны туралы жариялады. Наурыз айының ортасынан бастап Sharp Жапония нарығына күніне 150 мың бетперде жеткізетін болады деп жоспарлануда. Жоспарда күніне 500 мың бетперде шығаратын күшке ие 10 желіні іске қосу бар. Басқа компанияар мен фирмалар да бетперде шығаратын болады.
Дәретхана қағазына қатысты ел билігі халық арасындағы дүрлігуді төмендетуге бағытталған шаралар қабылдауда. Шын мәнінде дәретхана қағазының 97%-ын Жапония ішіндегі компаниялар шығарады және олар тапшы болады деп қорқуға негіз жоқ. Алайда әлеуметтік желілерде таратылып жатқан дәріханалардағы бос сөрелер туралы алып-қашпа әңгімелер мен суреттер жағдайға одан сайын қорқыныш ұялатқандай.
Жапония экономикасы үлкен шығынға ұшырауда. Әсіресе туристік сала шығынға ұшырауда. Кейбір қытайлық туристердің есебімен өмір сүріп келген қонақ үйлер уақытша жабылуға мәжүр. Десек те Қытай азаматтарына Жапонияға кіруге тыйым салынбаған. Тек Ухань қаласында тұратындар мен туристердің үлкен топтарына ғана кіруге болмайды.
Көптеген жапондық компаниялар Қытайда орналасқан зауыттарда өз өнімдерін шығарады. Қазір ол зауыттар жабық тұр. Қоғамдық шаралардың, спорттық жарыстардың, түрлі халықралық шаралардың кейінге қалдырылуы – осының бәрі ел экономикасына кері әсер етуде. Көптеген компаниялар өз қызметкерлерін үйде онлайн тәртіпте жұмыс жасауға көшіруге мәжбүр.
Теледидар арқылы ауруды жұқтырмаудың профилактикалық шаралары туралы жиі айтылуда. Мұндай бағдарламаларда жалпы күн тәртібін сақтаудың пайдасы, дұрыс тамақтану, қорғаныс бетпердесін дұрыс пайдалану, қолды жуу және тамақты шаю туралы айтылады десек те, жалпы бұл тақырыпқа арналған бағдарламалар саны, басқа ойын-сауық бағдарламаларына қарағанда аз. Осылайша, билік халықтың дүрлігуіне жол беретін жағымсыз ақпарат ағынының шектен тыс көп болуына жол бермеуге тырысуда.
Жапония түгелімен дүрлігіп жатыр деп айтуға болмайды. Жапония жалпы жаппай байбалам салуға бейім емес. Дегенмен, аз да болса ондай көңіл күй бар.
Халықаралық олимпиада комитеті мен Жапония билігі Токиода осы жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге дайындалып жатыр. Сонымен қатар XVI Паралимпиада ойындарын өткізуде де ешқандай өзгеріс байқалмайды. Ол Токиода 25 тамыз 6 қыркүйек арылығында өтуі керек. Алайда олардың өткізілетіні немесе өткізілмейтіні туралы ақырғы шешім мамыр айында қабылданады. Жапония билігі наурыз айының алғашқы екі аптасы Жапония ішінде вирус індетінің алдын алу ісінде шешуші болады деп мәлімдеді.
Күн сайын коронавирус туралы ақпарат таратылып жатқанда, әдеттегі маусымдық тұмау «ұмыт» болған, ал осы тұмаудың салдарынан коронавирус таралғанға дейін кей жерлерде бүтіндей бір кластар мен мектептер карантинге жабылды. Алайда А және В типті әдеттегі тұмаудың таралуына қатысты ешқандай дүрлігу болып жатқан жоқ, бірақ онымен одан да көбірек адам ауырып жатыр.
Кеше біз қызық жайтқа тап болдық: күтпеген жерден дүкенде дәретхана мен майлықты көрдім. Оларды сату шектеулі екен – бір адамға екі орамнан ғана. Кезек мүлде болған жоқ, және алып жатқандардың барлығы бір немесе екі орамнан ғана алып жатты.
Ахмет Алиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қатысты сілтемелер
-
Қазақстандағы АҚШ елшісі: Мен революция елшісі емеспін
10 Ақпан 2021, 14:41 -
АҚШ елшісі: Біз адам саудасына қарсы күресте Қазақстанды қолдаймыз
30 Шiлде 2020, 08:42