Елеске айналған АЭС аясында тығылыспақ ойнау

Алматы. 22 сәуір. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге алғашқы ресми сапары, оның аясында сарапшылармен қатар қазақстандықтардың барлығын толғандырған ҚР-да атом электрстанциясын салу мәселесі талқыланды.
Сонымен, сарапшылар БАҚ үшін ноутбукпен пікір жазудан шаршады, ал қалғандары әлеуметтік желілерде өзара пікір таластырудан шаршады. Олардың бір бөлігі қажеттілік жоқ жағдайда Қазақстанда АЭС құрылысын айыптады. Ал тағы бір бөлігі қандай да бір шешім қабылдамас бұрын әбден ойлану керектігін алға тартуда. Үшінші бір бөлігі таңертең тіс жуу қаншалықты қажет болса Қазақстанға да АЭС соншалықты қажет деуде.
Осы ретте, ресейлік режиссер Алексей Балабановтың қара комедиясын еске алуды ұсынамын. Қысқаша айтып кететін болсақ, фильмде басты рольдегі Алексей Панин бір қолына папкасын алып маңдайына қояды, сосын тапаншаны маңдайына тіркеп атып жібереді. Папканың ортасынан оқты өткізбейтін бір тілім «қорған» табылады. Дәл осындай жағдай қазір Қазақстанда АЭС салу бойынша болып жатыр. Тек Паниннің рөлінде мемлекет, ал өлімге кесілгеннің орнында халық.

Атом лоббиінің факторы

Қазақстанда АЭС-қа қарсылық қатты танытылуда. Оның үстіне сарапшылардың келтіріп отырған уәждері де салмақты. Солардың бірі әрі салмақтысы жаңа генерацияға деген қажеттіліктің болмауы, ол аздай батыс санкцияларының арқасында елімізде жаңа технологиялардың дамуы күмән тудырып отыр.
Мәселен, Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмутова бізге бір оқиғаны айтып берді: «2012 жылы қауіпсіздік кеңесінің сарапшылар кеңесінде энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев салалық шолумен сөз сөйледі. Сол кезде оған сұрақ қойдым: «Өздеріңіз елімізде энерготапшылығы жоқ деп отырсыздар, ондай болса неге саламыз? АЭС, менің пайымымша ресейлік атом лоббиін насихаттайды. Оған келісу халықты соған (лобби – ҚазТАГ) тәуелді етуді білдіреді».
Бұл аспектінің тағы бір проблемалық тұсын Facebook-та танымал қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаев атап көрсетті. Оның пайымынша, Ресей үшін АЭС құрылысы – бұл тек экономикалық емес, сонымен қатар, саяси мәселе болып отыр. Мемлекет өзінің атом реакторын ұсына отырып серіктесін түрлі міндеттемелермен өзіне ұзақ жылдарға байлап қоймақшы, мамандарды тек Ресейде дайындау, тек ресейлік техниканы сатып алу және Ресейдің қатысуымен ұзақ жылдар бойы техникалық-сервистік қызметті көрсету.
Өз кезегінде, Қарағанды облыстық экология музейінің дамыту бойынша директоры Дмитрий Калмыков ҚазТАГ-қа берген сұхбатында Қазақстанда АЭС салу туралы бастама осымен сегізінші рет көтеріліп отыр, деп еске салды.
«Уақыт өте қайта-қайта аталған тақырыпқа оралу ресейліктердің өзінің пайдасын жіберіп алмай, инженерлерін жұмысқа орналастыруды және ақша табуды көздеп жүргендей көрсетеді», - деп баса айтты ол.
Бұдан басқа, сарапшылар қазақстандық билікте қарапайым бір ізділік жоқ деп кінә артуда. Билік шашылып, дүркіретіп тұрып ЭКСПО-2017 өткізеді, жасыл экономиканы жақтайтынын мінберден айқайлап тұрып айтады, соңына қарай өз идеяларын АЭС салуға ауыстырады.

Осы жерде кідіріп, әбден ойлану керек

Махмутованың есептеуінше, бүгінде бізде АЭС-тің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ете алатын маман жоқ.
«Германия «Фукусимадағы» апаттан кейін жұмыс істеп отырған АЭС-тардың жартысын жауып тастау туралы шешім қабылдады. Бір жағынан «жасыл экономика» туралы айтамыз, екінші жағынан АЭС салғымыз келеді. Логика қайда?» - деп сұрады Public Policy Research Center директоры.
Өзге сарапшылар, сәл кідіріп, барлығын салыстырып, шешім қабылдау керек деп есептейді. Сонымен, Expert Kazakhstan бас редакторы, экономикалық шолушы Сергей Домниннің пайымдауынша, АЭС құрылысы мен пайдалануға берудің алғашқы кезеңіндегі маман тапшылығы уақыт өте өз шешімін табатын дүние. Оның айтуынша, қазақстандық болғандықтан біліктілігі төмен адамдарға станцияны басқаруға беруді жөнсіздік деуге болмайды.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай мамандарды даярлау жүйесін дұрыс жасақтаған жағдайда экономиканың жаңа секторын біліктілігі жоғары жергілікті мамандармен қамтамасыз ету мүмкін болып отыр. Тарихқа көз жүгіртейікші. 1990 жылдың басында Қазақстандағы ірі кен орындарын игеру үшін консорциумдар көп көлемде шетелдік мамандарды тартатын. Алайда уақыт өте қазақстандықтардың үлесі арта бастады, бүгінде олардың үлесі басым. «Теңізшевройл», СП мысалдарын қарастырайықшы. Оларда басқарушы акционер – шетелдік компания. ТШО-ның мәліметі бойынша, 1993 жылы штаттағы қазақстандық қызметкерлердің саны 50% құраған, ал басшылық қызметтегілердің қатарында қазақстандықтар саусақпен санарлықтай болды. 25 жыл өткеннен соң жергілікті жұмысшылардың саны 82%, басшылар – 63% құрады. Осындай жағдай шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылған өзге де жобалар да болды», - деп атап өтті сарапшы.
Осы ретте, Домниннің айтуынша, аталған мәселені шешуде Энергетика министрлігі, үкімет пен жергілікті атқарушы органдар шешуші роль атқарады.
«Егер осы органдар өзара бірлесіп жұмыс істеудің саясатын қалыптастыра алатын болса және инвесторға жергілікті мамандарды жұмысқа алудың артықшылығын түсіндіре алса онда жергілікті мамандармен ешқандай проблема болмауы тиіс», - деп түсіндірді Домнин.

Сол «бала» ма?

АЭС құрылысы бойынша Ресей серіктес ретінде сарапшылар қауымдастығында оптимизм тудырмайды. Сыртқы кейске сүйенетін болсақ, арамызда қаншама келісім жасалғанымен Ресей іскер серіктес ретінде сенімсіз болып отыр.
Public Policy Research Center директоры еске салып кеткендей, Болгария АЭС салу туралы шешімінен бас тартатынын хабарлағанда Ресей 1 млрд еуро көлеміндегі сот талабын жіберді.
Тағы бір мысал ретінде Қырғызстан мен Ресей арасындағы жанжалды айтуға болады. 2012 жылдың қыркүйегіндегі Ресей президенті Владимир Путиннің Бішкекке сапары аясында Қамбар-ата ГЭС-1 мен Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС-1 құрылысы туралы келісім жасылған. Бұл жағдайда қуаныш көбірек болды. Тараптар жобаны бірдей дәрежеде қаржыландыру туралы өзара келісті, Қамбар-ата ГЭС-тің орташа жылдық қуаттылығы 4,3 млрд кВт/сағ асады, станцияның құрылысы – жеті жыл жүргізіледі, өзін өзі ақтау уақыты – 12,5 жылды құрайды деп белгіленді. Алайда, 2015 жылдың соңына қарай Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев, қазіргі экономикалық жағдайда Ресей станцияның құрлысы бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайды, деп мәлімдеме жасады. Ал, 2019 жылы Қырғызстан келісімнің күшін жойды.
Ресей бірден жауап берді: «Русгидро» - жобаның негізгі мердігері, Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС нысаны құрылысының сметасына сәйкес Қырғызстанға 37млн доллардың есебін берді. 13 ақпанда ҚырТАГ хабарлағандай, Жогоргы Кенештің депуттары Қырғызстан үкіметіне Ресей тарапы талап етіп отырған соманы төлеуге асықпауға шақырды. Парламенттің отырысында нысанға депутаттық комиссияны жіберіп, сметаның дұрыстығына көзжеткізу туралы шешім қабылданды.

Өзара келісіп немесе сот арқылы

Кейінірек комиссия төрағасы Алмамбет Шыкмаматов ЖНС ГЭС жүргізілген жұмыстардың құны тым қымбат көрсетілген деп журналистерге мәлімдеме жасады. Осы ретте, ол мысал ретінде қоршаған ортаға келтіретін зиянды бағалау бойынша 249 мың доллардың тендері тым қымбат көрсетілгенін, вахталық қаланың бір шаршы метрінің бағасы мен өзге де пунктер бойынша «Русгидро» ұсынған сметаның мәліметтерін келтірді.
Домниннің пайымынша, «Русгидроның» Жоғарғы-Нарын сырқырамасы ГЭС-пен кейсі – бұл тәуекелдерге қатысты дұрыс есептелмеген немесе бұл тәуекелдер ескерілмеген жобаның тарихы, себебі бұл жоба Мәскеу мен Бішкек арасындағы кезекті саяси ойынның бір бөлігі болды.
«Бас жақта ірі инфрақұрылымдық жобаны немесе шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асыру үлкен тәуекел тудырады. Сондықтанда инвестициялар туралы шешімнің саяси тұрғыда немесе оның экономикалық есептеуі саяси аргумент болғаны дұрыс емес. Себебі жоба жүзеге аспай қалса ең аз дегенде қос тарап ақшаларынан айырылады және екі ел арасындағы қарым-қатынаста жаңа проблемаларға ие болады», - деп түсіндірді сарапшы.
Жасыратыны жоқ, Ресей мен Болгария немесе Ресей мен Қырғызстан арасындағы дау екі жолмен шешілуі мүмкін: өзара келісе отырып немесе сот арқылы. Алайда АЭС құрылысы саласындағы серіктес Ресей туралы жағымсыз ойлар қалып қояды.

Неге бір шетте қалып қалуымыз керек

«Өзбекстан АЭС салу туралы шешім қабылдады, енді біз де салуымыз керек» деген оймен жүруге болмайды. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Оның бір нұсқасы бойынша Ресей Өзбекстанға қойған реакторын Қазақстанға да қоюы мүмкін.
«Ресей Қазақстанға ұсынып отырғанын Өзбекстан бүгінде жүзеге асыруда, біздегі атом электрстанциясының құрылысы 2022 жылы басталады деп белгіленген болатын. Сарапшылар атап өткендей, Ресей Өзбекстанға Бангладеште салып жатқан атом электрстанциясын салуды ұсынып отыр. Осы ретте, жоба құны 11 млрд доллар шамасында болуы мүмкін. Шығынның басым бөлігін ресейлік тарап өз мойнына алмақшы, Өзбекстанға несие ретінде беріп оны ұзақ жылдарға өзіне борышкер етпекші», - деді Сатпаев.
Алайда Өзбекстанға қатысты жағдайды жеке қарау керек. АЭС бұл елге газды ішкі тұтыну көлемін азайтып экспортқа шығаруға және еркін айырбасталатын валюта қорын көбейтуге мүмкіндік береді деген болжам бар. Және оның дәлелі де бар. Сонымен, 2017 жылы Өзбекстан 56,4 млрд текше метр табиғи газ өндірді, ал 2018 жылы – 59,842 млрд текше метрді құрады. Сонымен қатар, «Өзбекмұнайгаз» АҚ 61 млрд текше метр газ өндіреміз деген болжамы жайдан жай жасалмағаны көрініп тұр, бұл мемлекеттің одан да көп өндіруге ниетті екенін көрсетуде, себебі ол автоматты тұрғыда экспорттық мүмкіндіктерді арттырады.
Бұдан басқа, жылына 55 млрд текше метр газбен қамтамасыз етіп отырған елдегі ең ірі Газли кенорны (Бұқарадан 85 шақырым қашықтықта Қызылқұм шөлінде орналасқан) сарқылуда. Оның үстіне ресейлік ресурстық компаниялар тартылған өзге де жобалар бұл тапшылықтың орнын жабуға қауқарлы емес, ол аздай орташа есеппен ішкі газды тұтыну көлемі 45 млрд текше метр, тіпті одан да көп болып отыр.
Демек, эскпортқа соншалықты көп қалмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстан үкіметі кей өңірлерді ішінара көмірге ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын. Алайда АЭС салу туралы шешімнің шұғыл қабылдануына қарағанда бұл жобаның жүзеге асырылуы құрдымға кеткендей.
Эскпорттың да жағдайы мәз емес сияқты. 2013 жылы Өзбекстан «Газпромға» келісілген 7,5 млрд текше метр газдың орнына 5,6 млрд текше метрін ғана бере алды. Салыстырмалы тұрғыда айтатын болсақ, 2009 жылы Өзбекстан Ресейге 15,4 млрд текше метр газ жеткізген болатын.
Өзбекстанда тиімділікпен проблема үлкен. Әлемдегі бесінші экономика Оңтүстік Корея 68 млн халқы бар мемлекет жылына 48 млрд текше метр газ тұтынады, ал аграрлық мемлекет, 30 млн-нан сәл көп халқы бар Өзбекстан жылына – 45 млрд текше метр тұтынады. Егер, Өзбекстан сияқты Оңтүстік Корея да 1 мың текше метр есебімен өндіреді дейтін болсақ, жылағың келеді. Өз кезегінде, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы Азиза Умарованың есептеуінше, АЭС аймақтардағы энергоүнемділікті шешуге көмектеседі. Алайда ол АЭС салу таңдалып алынған уақыттың дұрыстығына күмән келтіріп отыр.
«АЭС салу туралы шешім энергосектор орталықтандырылмаған жағдайда қабылданып отыр. Егер осыдан жиырма жыл бұрын реформа жүргізіліп, реттеуші функциясы бөлінген жағдайда электр энергия генерациясының әлеуеті біршама жоғары болар еді, тіпті АЭС салуға деген қажеттілікте болмас еді», - дейді Умарова.

Ядролық реактордан гөрі газ дұрыс

Қазақстанның жағдайына тоқталатын болсақ, бұл жерде біреу әдейілеп осы идеяны және ресейлік реакторды насихаттап жүргендей ой қалыптасып отыр.
«Елді шұғыл газдандыру логикаға жанасады, себебі біз Өзбекстанға қарағанда мұнайды экспорттаймыз. Қазақстандағы табиғи газдың бағаланған қоры 3,3 трлн текше метрге жуық шамада, ал әлеуетті қоры 6-8 трлн текше метр. Алайда осыған қарамастан Қазақстанда өндіріліп отырған газдың басым бөлігі –мұнай кен орындарындағы ілеспе газ қабатқа қайта айдау үшін пайдаланылады немесе жағып жіберіледі, осылайша экологияға орасан зор зиян келтірілуде», - деп атап өтті саясаттанушы.

Газ

АЭС-тің қауіпсіздігі мәселесіне Умарова үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етіп отыр.
«Росатомның есептеуінше Ресейдің АЭС аумағындағы қорғаныс аймағы 3,5 шақырымнан аспауы керек. Ал, жапондықтар АЭС аймағындағы қорғаныс аймағын әу бастан 8-10 шақырым деп алады. Фукусимадағы трагедиялық оқиғадан кейін жапондықтар талапты күшейтті. АЭС-қа бес шақырым қашықтықта тұратын тұрғындар эвакуацияланатындардың қатарына жатқызылды. Осы ретте, 30 шақырым қашықтағыларды да эвакуациялау, барлығына дозиметр мен қорғаныс киімдерін тарату қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекет жоспарлау, эвакуациялық шараларға дайындық, жеке дозиметрлерді, қорғаныс киімдері мен йод таблеткаларын үйлестіру бойынша барлық шығынды өз мойнына алып отыр. Халықаралық талаптарға сай станция қолданысқа енгеннен кейін барлық тәуекелдер ескерілетініне және апат орын алған жағдайда халықты қорғаудың нақты жоспары бар екеніне көз жеткізу керек», - деді Умарова.
Калмыковтың айтуынша, көмір энергетикасына әзірге нүкте қою ерте.
«Біздің көмір энергетикамыз өте лас. Алайда атом станциясының орнына қолданыстағы көмір энергетикасын жаңғыртқан жөн шығар, осылайша оны Еуропадағыдай таза етсек болады емес пе», - деп атап өтті эколог.
Оның пайымынша, басқа да балама бар.
«Осы кезеңде қолданыстағы станцияларды көмірден газға көшіруге инвестициялау керек. Алматы ЖЭО ауыстырды емес пе. Демек басқаларын да ауыстыруға болады, оның үстіне бізде газ көп», - деді эколог.

Жылтырағанның бәрі алтын емес

Жалпы, кез келген АЭС – өте қымбат және ол үшін төлеу керек. Екінші жағынан эколог Калмыков Сатпаевтың бағаға қатысты болжамын растап отыр.
«АЭС салу қыруар қаржыны қажет етеді. Белгілі болғандай, РФ-ның Өзбекстанда салғысы келіп отырған станцияның құны жобамен 11 млрд доллар шамасында (саясаткердің пайымынша, дәл осындай станцияны Қазақстанда да салуы мүмкін – ҚазТАГ)», - деді сарапшы.
Экологтың айтуынша, екінші жағынан мұндай қаражатты, я болмаса оның бір бөлігін «лас» өңірлерді қайта бейімдеуге, оларды көмір мен мазуттан басқа жаңартылған энергия көздерін тұтынуға көшіруге жұмсаған жөн болар.
Калмыковтың пайымынша, соңғы 15 жылда әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай: энерготиімділік пен энергоүнемдеуге инвестициялаған жағдайда жаңа өндіріс қуаттылығын іске қосқаннан гөрі көбірек электр энергия аламыз.
«Мысалы, 1 млн доллар энерготиімділікке инвестициялайық, сонда біз сол 1 млн долларды электрстанцияның құрылысына инвестициялағаннан көбірек энергия аламыз», - деп түсіндірді эколог.
Мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы Умарованың пайымынша баға мәселесі де шешуші рөл атқарады.
«Егер Өзбекстандағы АЭС бағасы өсетін болса оның қажеттілігі туралы сұрақ бірден туындайды. Әлемде мұндай мысалдар көп. 2016 жылы Вьетнам жобалық құнының өзгеруіне байланысты «Росатом» және жапониялық компанияның консорциумымен АЭС құрылысы бойынша жасаған келісімінен бас тартты. Шешімді ел парламенті жабық отырыста қауіпсіздік пен экономикалық тиімділікке сілтеме жасай отырып қабылдады», - деп еске алды Умарова.
Осы ретте, Махмутова дәстүрлі энергияға қарағанда атом энергиясы арзан деп есептейтіндерді утопия деп атады.
«Мысалы, Францияда халыққа қолжетімді болуы үшін атом энергиясы субсидияланады. Қазақстандағы энергетикалық субсидияларды бағалау бойынша ЭЫДҰ-ның жоба кеңесшісімен бірге болдым, сол кезде өзге елдердің энергетикалық субсидияларын зерттедім. Бүгінде күн және жел энергетикасы дәстүрліге қарағанда арзан, АҚШ арзан энергияға қолжетімділікті арттыру үшін кедей шаруақожалықтарына күн батареяларын тегін орнатып береді», - деді Public Policy Research Center директоры.

Бізде де мұрт бар

Біз өзімізден басқаларды сынап мінегенді жақсы білеміз, тіпті одан ләззәт аламыз десек те болады. АЭС салу туралы әңгіме қозғалғанда біз бірінші кезекте Ресейді сынаймыз. Осы ретте солтүстік көршіміздің арам жоспарынан басқа міндеттемелерді орындауда жауапкершілігінің жоқтығы алаңдатады.
Сонымен, Домниннің пайымынша, қуаттылықты сұраныс бар жерде салған абзал.
«Үлкен ауданындағы аймақ ірі ОҚМАЭС электрстанциясын салу үшін кеңес заманынан бері қарастырылып келеді, ол Қазақстанның оңтүстігіндегі энерго тапшылықты шешуге көмектесер еді. 2007 жылы аталған алаңға станция салу идеясына қайтып келдік, бірінші кезекте қуаттылығы 1320 МВт болатын көмір ЖЭС-ты Samsung кореялық консорциумы мен KEPCO салуы керек болатын. Ал станцияның жалпы қуаттылығы 3000-нан 4000 МВт дейін болса, жалпы құны 5 млрд долларға бағаланды. 2015 жылы кореялық компания 200 млн долларға жуық қаражатын салып үлгерді және қалған сомаға ҚР үкіметі тарапынан кепілдеме беріледі деп күтті. Ол кезде ҚР-ның энергия жүйесінде шамамен 3500 МВт қуаттылық артығымен жиналды, оңтүстіктегі тұтынушылар солтүстік аймақтан жіберілетін энергияны тұтынды. Оңтүстік аймақта ірі станцияны салу қажеттілігі күн тәртібінен түсіп қалды», - деді сарапшы.
Сонымен қатар, Домин АЭС құрылысы үшін таңдалып алынған аймаққа күмән келтіріп отыр.
«АЭС салу барысында шикізат көзіне станцияның жақын орналасуында экономикалық тиімділік аз, әлемдік атом өндірісі тәжірибесі көрсетіп отырғандай АЭС жоғары сейсмикалық аймақтарда да салуға болады. Бұл ретте жапониялық, қытайлық станциялар, поскеңестік кеңістіктегі – Армян АЭС жарқын мысал бола алады», - деп санайды Домнин.
Қазақстандық үкіметтен қаржылық кепілдеме ала алмаған кореялық компанияға қатысты оқиға қайталануы мүмкін. Себебі біздің елімізде АЭС құрылысы жобасымен тәуекелдер ресейліктерге қарағанда тым көп.
«Росатомның» Болгария (АЭС Белен) мен Түркиядағы (АЭС Аккуй) соңғы ірі жобалары жобаны алғашқыда ресейліктер ұсынатыныны, алғашқы бөлігін жол-жөнекей серіктес инвестор табуға үміттене отырып қаржыландыратынын көрсетіп отыр. Мысалы, Аккуйға қатысты жағдайда «Росатом» 3 млрд долларға жуық қаражат инвестициялады, алайда сол күйі серіктес инвестор таба алмады. Сондықтан да бұған дейін жобадан кетіп қалған кореялық компания сияқты ресейліктер де ҚР үкіметінен кепілдеме алуға тырысатын болады және алулары да екі талай», - деген сенімде Домнин.

Қазақстан мүддесін тұман басқан

Гамбург есебі бойынша Қазақстанда АЭС салу Ресей үшін тиімді.
Біріншіден, ол өздерінің аумағында тағы бір реактор салады, осылайша өзіндік өндіріс қуаттылықтарының жұмысын жеңілдетеді, ресейліктерді жұмыспен, жалақымен қамтамасыз етеді. Қатал батыс санкциялары жағдайында бұл кем дегенде тағы бір нұсқа.
Екіншіден, Ресей тасымалдаушыларды жұмыспен қамтамасыз етеді, олар «Атоммаштан» - Ресейдегі атом энергетикасы үшін құрал жабдық дайындайтын ірі кәсіпорыннан дайын реакторды Үлкенге тасымалдағаны үшін ақша алады. «Атоммаш» Ростов облысының қаласында орналасқан, Үлкенге жеткізу үшін 4 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтуі керек.
Үшіншіден, бұған дейін салынған АЭС-терде көбіне ресейлік жұмысшылар мен инженерлер жұмыс істейтін болады, БАҚ-тардағы Қазақстанда өзінің салалық мамандары жоқ деген мәселе жайдан жай айтылып жүрген жоқ.
Төртіншіден, АЭС болашақта жұмыс істейтін қазақстандық мамандар міндетті түрде ресейлік оқу орындарында оқитын болады. Бұл ресейлік реакторлардың өзіне тәң ерекшелігінің болуына байланысты, оның ауқымы шектелген.
Бесіншіден, Қазақстан Ресейге технология саласында ұзақ уақытқа байланып қалады, себебі реакторға қажет құрал жабдықтардың қосымша бөліктерін сатып алып тұру керек.
Осының барлығын ескере келе аталған жобадағы Қазақстанның мүддесін дөп басу қиын. Егер қазақстандық экономика шұғыл дамып, энергетика тапшылығы сезіліп жатса онда АЭС салуда бұл шешуші рөл атқаратын еді. Алайда, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша 2017 және 2018 жылдары ел экономикасы 4% деңгейінде дамыды, ал 2019 жылы бұл өсім 3,5-3,8% аралығында болады деп күтілуде. Егер бұл төмендеу болмаса шымшып алсаңыздар болады. Осы трендтің өзі энерготапшылықтың болашақта орын алуы мүмкін деген болжамға күмәнмен қарауға негіз бола алады.
Артық қыламыз деп тыртық қылармыз
Домнин сендіріп кеткендей, бүгінде Қазақстандық энергожүйеде қуаттылық артығымен бар.
«Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, қажетті резервті есептегенде 2019 жылы қуаттылық 1229 МВт артық болады. Осы ретте, оңтүстік өңірлерде тапшылық 1300 МВт жуық шамада болмақ, ол солтүстік өңірден Солтүстік-Оңтүстік аймағы арқылы ағылған кезде шешімін табатын болады – бұл шамамен 7,5 млрд кВт/сағ жуық. Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік желісін ашу арқылы оңтүстік аймаққа тағы 4 млрд кВт/сағ жөнелтілуде, жалпы оңтүстік пен солтүстік аймағының өткізу қуаттылығы 2100 МВт дейін артты. Демек, теориялық тұрғыда оңтүстік өңірде жаңа қуаттылыққа деген қажеттілік бірнеше жыл қатарынан болмайды», - деді сарапшы.
Ұзақ мерзімді болашаққа қарайтын болсақ, бұл оңай шешілер шаруа емес. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2030 жылы оңтүстік аймақта тапшылық 2700 МВт құрайды, деп жалғастырды Домнин.
«Демек 600 МВт жуық жаңа қуаттылыққа деген қажеттілік туындайды. Осы ретте тапшылықты Шымкенттегі 450МВт есептелген бу-газ станциясының және жаңғыртылған СЭС қуаттылығымен немесе АЭС бір энергоблогымен жабуға болады. Және де бұл жағдайда аталған өңірде шамадан тыс энергияның көп болуы орын алады, себебі бұл өңірде ірі өндіріс қуаттылықтары аз, оның үстіне халық санының арту деңгейі де бір қалыпты және халық жаппай электрмобильдерге отырып жатқан жоқ», - деп бөлісті сарапшы.
Осы ретте біз 1991 жылы орын алған энергожүйеміздегі және көршілеріміздің энергожүйесіндегі басты проблемаға жақындаймыз. Ол кезде барлық мемлекеттер бір бірінен энергетика саласында тәуеліз болуға ұмтылды. Домнин атап өткендей, дәл осы нәрсе энергетикалық қауіпсіздік деп айтылады.
«Осындай саясаттың арқасында – ортақ нарықтың болмауы, экспортқа деген мүмкіндіктердің азаюы қазақстандық кәсіпорындардың одан ары дамуына мүмкіндік бермей отыр. Экспорт пен импортқа нақты лимит берілген, ішкі нарық өзара бөлінген. Сондықтан да инвестор үкімет пен жүйелік оператордан кепілдеме және алдағы 10 жылға тарифті алдын ала бекітуді талап етіп отыр», - деді сарапшы.
Домнин толықтырып кеткендей, ұлттық энергожүйесі аясындағы артып келе жатқан орталықтандырылған сату көлемі (KEGOC желілері арқылы жеткізу 2017 жылы жалпы көлемнің 70% құрады), ҚР нарығына жаңа қуаттылықтарды енгізу (алайда бұл нарықтың құрылымына да сұрақтар аз емес), ЕАЭО-ның ортақ электрэнергетикалық нарығының іске қосылуы бүгінгі қалыптасқан жағдайды шешуі керек.
«РФ мен ҚР-дағы энергокомпаниялардың ұстанымы мен көмір лоббиін ескеретін болсақ, тік-интеграцияланған монополийлермен күресу оңайға соқпасы анық», - деп түйіндеді сарапшы.

adimage