Сейтказы Матаев: жаңа қағидалар арқылы меморгандар журналистердің бұқаралық шараларға кіргізілуін шектейді

Алматы. 20 ақпан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Аккредиттеудің жаңа қағидалары арқылы мемлекеттік органдар журналистердің қоғамдық бұқаралық шараларға кіргізілуін шектейді, деп санайды Қазақстан Журналистер одағының (ЖО) төрағасы Сейтқазы Матаев.
«Негізінен аккредиттеумен мемлекеттік органдар айналысады. Артық көз бен артық құлақ болмас үшін олар жаңа қағидалар әзірлейді, тәуелсіз баспасөзді қалай да бір шараларға, кездесулерге жібермеудің жаңа сылтауы. Ондай жағдайлар көп», - деп түсіндірді Қазақстанда журналистердің іс-шараларға кіргізілу қағидасын күшейту жоспарланып жатқанын сәрсенбіде ҚазТАГ ХАА ақпараттық агенттігінің тілшісіне С.Матаев.
Ол Қазақстанда бұған дейін мұндай ақылға қонымсыз талаптардың болмағанын атап өтті.
«Мына тармақ нені білдіреді: «Журналистің аккредиттейтін мекеменің ішкі тәртібі мен модератор белгілейтін регламентті сақтауға жазбаша келісімі». Модератор не шеше алады? Басында стандартты ережелер болатын: БАҚ бас редакторы аккредиттеуге жататын журналистердің тізімін ұсынады, айталық, парламентте немесе үкіметте – және ешқандай жазбаша келісімсіз. Ал егер журналистен жазбаша келісім талап етсе – онда бас редакторларға сенбейді деген сөз бе?» - деп түсінбейді Журналистер одағының басшысы.
Сондай-ақ, ол журналист пен БАҚ арасындағы шарттық қарым-қатынастардың барын растайтын құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы тармаққа да көңілі толмайтынын білдірді, себебі ол азаматтық журналистикаға көр қазады.
«Осылайша, шаралардан блогерлер де тыс қалады, себебі олар ешкіммен шарттық қарым-қатынаста тұрған жоқ. Олар кіммен шартқа отырады? Марк Цукербергпен бе?» - деді агенттіктің сұхбаттасушысы.
Сонымен қатар, С.Матаев тәуелсіз БАҚ-тың жаңа ережелер қабылданған жағдайда ол бойынша өз қызметкерлерінің аккредиттелінуін жүргізбейді, журналистер өздері бас тартады деп санайды.
«Меморгандардың жаңалықтарын азғантай ғана БАҚ өкілдері тарататын болады. Осы ережелер арқылы меморганар өздерінен журналистерді алшақтата отырып, ақпараттық алаңдарын да тарылтып алады. Бұл судан таза цензура», - деді С. Матаев.
Бұл жағдайда ол әзір қағида жобасын талқылайтын уақыт барда бүгінгі таңда қоғамдық пікірді қалыптастырудың маңызды сегменті болып табылатын әлеуметтік желілерде сын туғызу керек деп санайды.
«Өз кезегінде, біз әріптестерімізбен, «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорымен талқылаймыз және қандай да бір келісілген шешім қабылдаймыз, үнсіз қалмаймыз», - деп түйді ЖО төрағасы.
Еске салсақ, бұған дейін ҚазТАГ АКМ «Журналистерді аккредиттеу қағидатын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 21 маусымдағы № 138 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрығына түзетулер енгізуге ниетті екенін хабарлады. Сол түзетулер енгізілген жағдайда қолданыстағы қағидаларға қарағанда журналистердің іс-шараларды таратуға жіберілу ережесі күшейтілетін болады. Құжат 13 ақпанда қоғамдық талқылауға шығарылды, ол 27 ақпанға дейін жалғасады.

adimage