Астана. 22 сәуір. ҚазТАГ – Жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына Т50 млрд бөлінеді, ал бір жылдан кейін олар жарамсыз болып қалады, деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек», - деді Тоқаев бейсенбі күні Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстары да әлі күнге аяқталмаған. Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді тапсырды. Бұл жұмыс Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы қажет екенін ескертті.
«Президент Үкіметке еліміздің көлік және транзиттік әлеуетін барынша пайдалану жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Бұдан бөлек қала ішіндегі жолдарды тиімді пайдалану, көлік қозғалысын басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев облыста жол апатының жиілеп кетуі елді алаңдатып отырғанын айтты. Былтыр өңірде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болған. Әсіресе «Орал-Атырау» тас жолына баса назар аударған жөн», - делінген Ақорда хабарында.