Жәйремде жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы шиеленіс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Күні: 18:16, 13-08-2019.

Алматы. 13 тамыз. ҚазТАГ – Жәйрем тау-кен байыту комбинатында жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасындағы шиеленіс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«12 тамызда Қарағанды облысы Жәйрем ауылында тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары арасында тұрмыстық негіздегі шиеленіс орын алған. Шиеленіс барысында қатысушылар жеңіл дене жарақаттарын алған. Аталмыш дерек бойынша ҚР ҚК 293 б. 3б. бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу органдары орын алған жайттың барлық мән-жайын анықтайтын болады», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Полиция ақпарынша, қазіргі таңда Жәйрем ауылында жағдай тұрақты және полиция органының бақылауында.
«Басқа ақпарат ҚР ҚК 201 бабына сәйкес таратылмайды», - делінген хабарда .
Бұған дейін хабарланғандай, Жәйрем кен-байыту комбинатында жергілікті және шетелдік жұмысшылар арасында шиеленіс орын алды. Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі нақтылағандай, 12 тамызда Жәйрем кен-байыту комбинатының жұмысшыларының қатысуымен шиеленіс орын алды. Бірнеше шетел жұмысшы азаматтары жеңіл түрде жарақат алды. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Облыстық әкімдікте атап өтілгендей, жағдайды реттеу үшін оқиға орнына облыс әкімі Ерлан Қошанов барды. Жәйрем кентінде аймақ басшысы кент тұрғындарымен және Жәйрем кен-байыту комбинатының жұмысшыларымен кездесті. Өткізілген кездесудің нәтижесі бойынша жағдай реттелді. Кенттегі жағдай тұрақты және облыс әкімінің ерекше бақылауында.


Жаңалықтармен бөлісу: