Тоқаев цифрландырудың жаңа форматына көшу туралы баяндады

Күні: 18:53, 28-09-2022.

Астана. 28 қыркүйек. ҚазТАГ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландырудың жаңа форматына көшу туралы баяндады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы, сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемде өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдер негізінде құрылатынын мәлімдеді.
«Мұндай жағдайда Қазақстан өзіне еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елді озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Дегенмен Қазақстанды одан әрі цифрлық трансформациялау үшін көп жұмыс істеу керек», - деді президент.
Оның айтуынша, «Government to citizens», яғни азаматтарға қызмет көрсету саласы да – маңызды басымдықтардың бірі.
«Цифрлық технологиялардың көмегімен біз азаматтардың күнделікті тіршілігін барынша жеңілдетуге және барлық адам үшін тең мүмкіндіктерге қол жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік басқаруды цифрландырудың «Invisible Government» мүлде жаңа форматына көшу қажет. Оның негізгі мәні - мемлекеттік саясаттың адамға баса мән беруі, оның қажеттіліктері мен мүдделеріне бағытталуы. Мемлекет қабылдаған ауқымды шаралар мен шешімдер азаматтарға байқалмайды, олар тек нақты нәтижені көреді», - деді Тоқаев.
Сондықтан барлық мемлекеттік қызмет барынша электронды форматқа көшірілетінін айта кетті мемлекет басшысы.
«Нәтижесінде, азаматтарымыздың өзімен бірге жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, оқу орнын бітіргені туралы дипломын, неке туралы куәлігін және басқа да құжаттардың 15 түрін алып жүруі және көрсетуі талап етілмейді. Бұл жұмыс сөзсіз жалғасады», - деп атап өтті президент.
Ол атап өткендей, «аймақ бойынша Қазақстан – IT саласын дамыту үшін өте жақсы жағдай жасаған елдердің бірі».


Жаңалықтармен бөлісу: