Тоқаев пен Путин Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қатынасын дамытудың перспективасын талқылады

Күні: 11:08, 08-11-2019.

Астана. 8 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қатынасын дамытудың перспективасын талқылады, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға келген Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты қатынастарды дамытудың перспективалары мен өңірлік деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылық білдіріп, форумның тиімділігі мен табыстылығын атап өтті.
«2003 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Омбыда өңіраралық деңгейдегі алғашқы кездесу өтті. Бұл механизм толықтай іске қосылып, өңірлер ықпалдастығының тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеді. Екі елдің аймақтары арасындағы сауда көлемінің артып келе жатқаны өте маңызды. Біз өнеркәсіп кооперциясында, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықта зор табыстарға қол жеткіздік. Сондықтан ауқымды жұмыс атқарылды деп ойлаймын», - деді Тоқаев.
Владимир Путин Ресей мен Қазақстанның арасын байланыстыратын дәстүрлі форумның маңызды екенін айтты.
«Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар табысты дамып келеді. Былтыр тауар айналымы 14 пайыздан асты. Инвестиция көлемі ұлғая түсті. Біз тұрақты түрде кездесіп отырамыз. Дегенмен ерекше назар аударатын мәселелер әрқашан табылады», - деді Путин.


Жаңалықтармен бөлісу: