Түркия президенті Қазақстанмен тауар айналымын $10 млрд дейін көбейтуді көздеп отыр

Астана. 20 сәуір. ҚазТАГ – Түркияға барған сапарында ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сол елдің президенті Реджеп  Тайип  Эрдоганмен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.  
«Р. Эрдоган Анкарада қос ел көшбасшыларының төрағалығымен жоспарланған Жоғарғы деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысы екі мемлекет арасындағы әмбебап ынтымақтастыққа үлкен серпін беретініне сенім білдірді. Қазақстан Түркияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі болып табылады, сондықтан Р. Эрдоған екі жақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайту туралы жаңа мақсат қоюды ұсынды», - делінген жұмадағы СІМ хабарында.  
«Р. Эрдоган Қазақстан Президентінің қолдауымен өтудегі Сирия жөніндегі Астаналық үдерістің маңызын атап өтті. Түркия Президентінің пікірінше, бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырды. Р. Эрдоғанның айтуынша, кепілдік беруші елдер Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға тырысады. Бұл туралы Түркия, Ресей және Иран лидерлері 4 сәуірде Анкарада өткен кездесудің барысында келісті. Түркия Президенті, сондай-ақ Қазақстанның рохинджа еліне гуманитарлық көмек көрсетуде қосқан үлесі үшін Президент Н. Назарбаевқа өз алғысын білдірді», - делінген хабарда.
Сонымен қатар, Анкарада Қ. Әбдірахманов Түркия Парламентінің Төрағасы Исмаил Кахраманмен кездесу өткізді. Оның барысында парламентаралық байланыстар мен екі елдің халықаралық парламенттік ұйымдарда өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.          
Сонымен қатар, Қазақстан СІМ басшысы сапар барысында алдыңғы қатарлы саяси орталықтардың басшыларымен және түрік бұқаралық ақпарат құралдарының шолушыларымен кездесіп, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайлар туралы пікір алмасты, делінген хабарда.
ҚР СІМ ақпарынша, қазіргі уақытта Түркияның іскерлік топтары Қазақстанның экономикасына 2 млрд. доллардан аса қаражатты инвестициялады, ал Түркиядағы қазақстандық инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 1 млрд. долларды құрайды. Қазақстанның құрметті консулдықтары Түркияның Адана, Бурса, Невшехир, Мерсин провинциялары мен Алания қаласында қызмет жасайды.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жазда Түркияға баруды жоспарлап отыр.

adimage