Түркістанда әуежай мен автовокзал салынады

Алматы. 22 маусым. ҚазТАГ – Түркістада әуежай мен автовокзал салынады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
«Облыс оталығын Түркістанға көшіру біздің барлығымыз үшін үлкен мақтаныш және жауапкершілік. Түркістан түркі әлемінің орталығына айналуда, оның халықаралық маңызы артып келеді. Облыс орталығында жаңа әкімшілік-іскери орталық, мәдени нысандар, спорт кешені, сауда орталықтары салынады. Халықаралық ғылыми, діни, мәдени форумдар мен симпозиумдар өтеді. Туризмді дамыту мақсатында Түркістан қаласында жаңа әуежай мен автовокзал құрылысы жоспарлануда», - деп келтірген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың кезекті мәслихат сессиясындағы сөзін баспасөз қызметі.  
Сонымен қатар, оның айтуынша, ескі темір жол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары керек.
«Сонымен қатар, қарқынды бауды дамыту мен өнеркәсіптік өнімді арттыруға бағытталған жобалар іске асырылатын болады», - деп атап өтті  Ж. Туймебаев.
Сондай-ақ, сессияның күн тәртібінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қ.Жамашевтың «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасының 2017-2018 жылдары орындалуы жөніндегі есебі және облыс әкімдігі мен облыстық тексеру комиссиясының 2017 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша қорытындысы тыңдалды.
«2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар және «Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу, Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктеріне  атау беру және қайта атау туралы мәселелер қаралды.
Түркістан облысы бойынша әлеуметтік  маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт жинақталған мәліметтер бойынша облыста 12 аудан, қалалардан 51 әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесі анықталғанын жеткізді. Аталған шешім жобасын қабылдау арқылы жол жүруге қолжетімді бағамен облыс тұрғындарын тұрақты жолаушылар тасымалымен қамтамасыз етуге мүмкіндіктер туындайтынын айтты.
Сессияның отырысында қаралған мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары оң шешімдер қабылдап, бірауыздан қолдау көрсетті.
Отырысты қорытындылай келе Ж.Түймебаев   облыстық мәслихаттың келесі кездесуі Түркістанда өтетінін және қалада өтетін алдағы жұмыстарға арналатынын жеткізді.



adimage