Түркістанда мектеп оқушысын қаққан жүргізуші ұсталды

Алматы. 15 қараша. ҚазТАГ - Түркістанда мектеп оқушысын қаққан жүргізуші ұсталды, деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
«14 қарашада шамамен сағат 12.30-да Түркістан қаласының көшелерінің бірінде Түркістан тұрғыны айдап келе жатқан Toyota Land Cruiser Prado көлігі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қаққан. ЖКО салдарынан ауыр дене жарақатын алған бала қалалық ауруханаға жеткізілген, алайда дәрігерлер баланы аман алып қала алмаған. (…) Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша Түркістан облысы ПД тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Сараптама тағайындалды. Жүргізуші қамауға алынды. Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда», - делінген жұмадағы хабарда.
Облыстық полицияда атап өткендей, аталмыш дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде (СТБТ) ҚР ҚК 345 бабы (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы)бойынша тіркелген.
«Белгілі болғандай көлік жүргізушісі көлікті құжаттарсыз және жүргізуші куәлігінсіз айдаған», - деді ПД-нен.
Сондай-ақ, департаментте хабарлағандай, осыған ұқсас жағдай 11 қарашада Ордабасы ауданы Бадам ауылында да орын алған.
«Opel Vectra көлігінің жүргізушісі мектеп жасына дейінгі баланы қаққан. ЖКО салдарынан бала мерт болған. Аталмыш дерек бойынша Түркістан облысының тергеушілері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Жүргізуші қамауға алынған. Қаза болған екі бала да – ер балалар», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 11 қарашада Түркістан облысында баланы өлімші етіп қаққан жүргізушінің ұсталғаны хабарланған еді.

adimage