Төлеби өңірі туризмі дамыған аймаққа айналып келеді

Күні: 13:50, 29-09-2022.

Түркістан. 29 қыркүйек. ҚазТАГ - Түркістан облысы Төлеби ауданы экономикасының негізгі драйвері – туризм саласы жыл өткен сайын дамып келеді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Қазіргі таңда бұл өңір еліміздегі туризмі мейлінше дамыған аймақтардың біріне айналып отыр. Ауданның туризм саласында бүгінгі таңда 76 нысан жұмыс жасауда. Оның ішінде 1 шаңғы база, 4 емдік сауықтыру орны мен 71 демалыс аймағы жұмыс атқаруда. 2022 жылдың 8 айында 29 174 демалушы келіп, 586 миллион теңгеге қызмет көрсетілді.
Өңірдегі туризмді дамытудағы негізгі жобалардың бірі - Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы «Қасқасу» туристік рекреациялық кешені. Бұл нысанның инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге жұмсау көзделген. Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады.
Туризм саласына тартылып жатқан инвестициялар көлемі де артып келеді. Мәселен, Қасқасу ауылдық округінде құны 187 млн. теңгені құрайтын «Top resort» демалыс орны ашылды. Тәулігіне 50 адамды қабылдай алатын кешен жоғары сапалы қызметпен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда «Alma-Tau» тау курортында жалпы құны 2 миллиард теңгеге бағаланып отырған қонақ үй және спорт кешені салынуда. Бірінші Мамыр елді мекенінде «Ауыл-Ел бесігі» жобасының аясында спорттық-сауықтыру кешені және футбол алаңшасының құрылысына 608 миллион теңге қарастырылған. Кешен биыл ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар Бірінші Мамыр ауыл округінде орналасқан «Шипабұлақ» демалыс орнын кеңейтуге 100 миллион теңге жұмсалмақ.
Тағы бір айта кететін жоба - Көксәйек ауылдық округінде 3 гектар жерге «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге балық шаруашылығы, тамақтану қызметі және сақ моншасы іске қосылды. 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық шаруашылығында 3 көл бар, онда 1000 дана сазан, 1000 дана карп балықтары өсіріліп, жұмыс жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Соңғы кездері туризм саласындағы жаңа бағыт – саумалы сауықтыру орындарының көбейгені байқалып отыр. Шымкент шаһарынан бар-жоғы 30 шақырым жерде орын тепкен еліміздегі ең көрікті өңірлердің бірі әсіресе туристерге емдік сауықтыру қызметін көптеп ұсынуда. Қырық түрлі дертке емі бар, дәмі тіл үйірер Диханкөл қымызын арнайы іздеп келушілер көп. Ауданнан жылына 3 тоннаға дейін қымыз жөнелтіледі. Қазіргі таңда Төлеби өңірінде бірнеше саумалмен емдеу орталығы жұмыс істеп тұр. Ғалымдардың айтуынша, саумалдың құрамындағы С дәруменінің мөлшері сиыр сүтінен 7 есе жоғары. Қазірде Еуропа ғалымдарының өзі саумалды емдік және диеталық өнім ретінде пайдалануға кеңес береді.
Жаңадан ашылған сауықтыру орындарының бірі - "Дихан Тау" саумалы сауықтыру орталығының жобалық құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады. Сондай-ақ, Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 миллион теңгені құрайтын 23 төсек-орынды саумалмен емдеу орталығы 2021 жылдың шілде айында ашылып, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Жалпы алғанда туризм саласына жыл соңына дейін 3,7 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Алдағы жылдарда Төлеби ауданындағы туристік сала үлкен қарқынмен дамуы тиіс. Осында келетін туристердің санын алдағы 5 жыл көлемінде 36700 адамнан 80500-ге жеткізу көзделген. Ол үшін жаңа туристік бағыттар әзірленіп, тиісті инфрақұрылымды дамыту қолға алынатын болады. Тауға баратын жолдарды абаттандыру, туристік бағыттар бойында қымыз өндіру нүктелерін көбейту секілді шаралар атқарылмақ.


Жаңалықтармен бөлісу: