Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің түлектері үшін ҰБТ жеке кесте бойынша өткізіледі - Бектенов

Астана. 21 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің азаматтары үшін құжаттарды, оның ішінде білім туралы құжаттарды қалпына келтіру үшін жағдайлар жасалған.
«ҰБТ-ны өткізу ҰБТ өткізудің 43 пункті (пункттер) базасында жүзеге асырылады. Су тасқынынан Ақмола облысының Атбасар қаласындағы және Атырау облысының Құлсары қаласындағы екі пункт зардап шекті. Бүгінгі күні осы пункттер басқа ғимараттарға көшірілді. ҰБТ-ны штаттық режимде өткізу жоспарлануда», - деп жауап берді Олжас Бектенов.
Премьер ережелерге сәйкес ҰБТ жылына бірнеше рет (қаңтар, наурыз, мамыр-шілде, тамыз) өткізілетінін, негізгісі – 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтетінін айтты.
Оның мәлімдеуінше, осы жылы мектеп түлектерінің саны 185 мыңнан астам адамды құрайды.
«Негізгі ҰБТ-ға (мамыр-шілде) екі мүмкіндікті ескере отырып, 330 мыңнан астам түлек қатысады деп күтілуде. Бүгінгі таңда 167,9 мың адам, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен алты өңірден 26 926 адам тіркелген. Осы өңірлердің мектеп түлектері үшін ҰБТ жеке кесте бойынша өткізіледі, мерзімдері ағымдағы жылдың 12 шілдесіне дейін ұзартылады», - деп хабарлады премьер-министр.
Анықтама: су тасқынынан зардап шеккен алты өңірдегі мектеп түлектерінің саны 36189 адамды құрайды, оның ішінде қаңтардағы ҰБТ-ға 24026 адам немесе олардың 66,39 %-ы қатысты, орташа балл – 68,34, ел бойынша – 68,69 құрады. Ағымдағы жылдың наурыз айында 20867 түлек немесе 57,67 %-ы қатысты, орташа балл 68,1 баллды құрады, ел бойынша - 68,88.
Бектеновтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен мектеп түлектерін қолдау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен 20% (немесе 12528 грант) мөлшерінде гранттарды квоталау бойынша шаралар қабылдануда, бұл олардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді және даярлықтың барлық бағыттары бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ҰБТ-ға дайындық барысында Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтты.
«ҰБТ-ға дайындыққа онлайн-курстар, сабақтар, консультациялар өткізетін еліміздің үздік педагогтары тартылды. Білімді бекіту үшін бұл сабақтар мен курстар prob-ent.testcenter.kz, dating.online, ent.5plus.kz, testter.kz, itest.kz, Bilimland платформаларында қолжетімді. Түлектерді, ата-аналарды, педагогтерді психологиялық сүйемелдеу жүзеге асырылады», - деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Фото көзі: gov.kz


adimage