ШҚО тас жолында рейстік Семей-Алакөл автобусы өртеніп кетті

Күні: 18:38, 12-07-2019.

Алматы. 12 шілде. ҚазТАГ – Шығыс Қазақстан облысында рейстік Семей-Алакөл автобусы өртеніп кетті, деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.
«Бүгін таңертең Таскескен-Бахты тас жолында Семей-Алакөл бағытындағы рейстік автобус өртенді. Жолда Lifan маркалы жолаушылар автобусының мотор бөлігіндегі бөлшектер жанып, өрт автобус доңғалағы мен салонның ішіне тараған», - делінген жұмада таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, автобус салонында 12 жолаушы болған, алайда ешкім зардап шеккен жоқ, адамдар жолдан көлік ұстап, сапарларын жалғастырған.
«Өрт орнында №17 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері жұмыс жасады. Өрт сағат 6.30-да толық сөндірілді. Өрт алаңы 32 ш.м. құрады. Өрт аса қауіпті агрегатты дұрыс қолданбаудан шығуы мүмкін деп болжануда», - деді ТЖД-ден.


Жаңалықтармен бөлісу: