Семейде екі медицина қызметкері вакцинацияның 30 жалған паспортын сату күдігіне ілікті

Өскемен. 2 тамыз. ҚазТАГ – Семейде екі медицина қызметкері вакцинацияның 30 жалған паспортын сату күдігіне ілікті, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«Шығыс Қазақстан облысының полицейлері вациналау паспортын қолдан жасап, сату әрекетінің жолы кесті. Семей қаласында жедел іздестіру шарасын жүргізу кезінде екі медициналық қызметкердің жалған құжат сатып ақша таппақ болғаны анықталды», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Полицейлердің айтуынша, ол үшін қаладағы медициналық-әлеуметтік мекемелердің бірінде жұмыс істейтін бір қызметкер өзінің есепшотына жекелеген азаматтардан 15 мың теңге көлемінде ақша қабылдап отырған.
«Ол ақшаның 10 мың теңгесі мен құжатқа тапсырыс берген азаматтың жеке куәлігінің көшірмесін жедел медицицналық жәрдем орталығындағы таныстарына беріп отырған. Олар әлгі азаматтардың жеке мәліметтерін вакцина алған адам ретінде деректер базасына енгізген. Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жалған паспорт жасатқандардың нақты санын анықтау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Қылмыстық іс аясында заңнан аттаған азаматтар анықталып, тергеліп жатыр. Ұсталған мамандардың айтуынша, олар 30-дан астам қала тұрғынына жалған вакцина құжатын сатқан», - деп хабарлады ПД.
Полицейлер нақтылағандай, тергеу қорытындысы бойынша заңсыз жолмен базаға енгізілген мәліметтердің бәрі жарамсыз деп танылатын болады.
ҚР ҚК 385 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Сол уақытта Өскеменде полицейлер 34 жасар ер адамды ұстады. Ол зертханаға   талдау  тапсырмастан теріс ПТР-тестін алуға көмектесемін деп жарнама берген. Өз қызметін 15 мың теңгеге бағалаған. Алайда пайда тауып үлгермеген. Қазір алаяқтық дерегі бойынша ҚР ҚК 190 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ол бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - деп хабарлады полицейлер.

adimage