ҚР-да коронавирус жұқтырғандар саны бүгін 500-ге жетті, тағы бір адам көз жұмды

Астана. 4 сәуір. ҚазТАГ - ҚР-да коронавирус жұқтырғандар саны бүгін 500-ге жетті, тағы бір адам көз жұмды, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Коронавирус инфекциясын жұқтырудың тағы 36 жағдайы тіркелді, оның ішінде Алматы қаласында - 16, Атырау облысында - 2, Солтүстік Қазақстан облысында - 7, Жамбыл облысында - 1, Шымкент қаласында - 1, Түркістан облысында - 4, Маңғыстау облысында - 1, Қарағанды облысында - 4. Түркістан облысында коронавирус инфекциясынан тағы бір адам көз жұмды», - делінген сенбіде таратылған хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бұған дейін Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 464 жағдайы тіркеліп, 28-і жазылып, үш адам көз жұмған еді.

adimage