Қостанай облысында мүгедек ер адам өрт шыққан үйден шыға алмай, мерт болды

Қостанай. 18 қаңтар. ҚазТАГ – Қостанай облысында мүгедек ер адам өрт шыққан үйден шыға алмай, мерт болды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«2021 жылдың 15 қаңтар күні Қарабалық ауылында Титов көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдегі пәтер өртенді. Өрт туралы хабарлама сағат 12:46-да келіп түсті. 1953 жылы туған пәтер иесі кіреберіске жапсарлас орналасқан от жағу бөлмесі жана бастағанын байқаған. Өрттен қорыққан егде жастағы әйел адам көршілерінен дереу көмек сұраған. Өз кезегінде олар 101 нөміріне қоңырау шалды», - деп хабарлады ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Ол нақтылағандай, сағат 12:51-де келген өрт сөндіру бөлімі өртті жедел ауыздықтауға кіріскен.
«Пештің жанындағы үй заттары өртеніп, 8 шаршы метр аумақта төбе плиталары жанған. Өрт ошағы ұлғайып, үйдің екінші жартысына таралу қаупі туындаған. Сондықтан, өрт сөндірушілер отты мейлінше тез ауыздықтауға екі өрт сөндіру оқпанын қолданды: біреуі тікелей өрт ошағына, екіншісі - жапсарлас үй-жайларды қорғауға бағытталды. Қалың түтін бүкіл тұрғын үйге таралған. Үй иесі оның 1974 жылы туған екінші топтағы мүгедек ұлы үйде қалғандығын хабарлған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің үш адамнан тұратын буыны оны ең алыс орналасқан бөлмеден тапты. Ер адам түтінге уланғандықтан тыныстауы қиындап жатқан күйде табылды. Құтқарушылар оны көшеге шығарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырған. Алайда, сағат 13:30-да ер адам есін жимастан орталық аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Сағат 14:04-те өрт сөндірушілер өртті толығымен ауыздықтады. Өрттің шығу себебі - отты абайсыз қолдану», - деді ТЖМ.
Өрт 14.04-те сөндірілді.
«Өрт шығуының алдын-ала себебі – өрт қауіпсіздігін сақтамау», - деді Уәли.
Хабарда атап өтілгендей, оқиға орнында өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері және 2 техникасы жұмыс істеді.

adimage