Нұр-Сұлтандағы бес науқастың жағдайы қалыпты ауыр – Кісікова

Астана. 2 сәуір. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов. Нұр-Сұлтандағы бес науқастың жағдайы қалыпты ауыр, деп хабарлады елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кісікова.
«Бүгінгі таңда стационарлық емдеуде жатқан науқастардың арасында бесеуінің жағдайы қалыпты ауыр, үшеуі өкпені жасанды демалдыру аппаратында жатыр, хаттамаға сәйкес ем жасалуда. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық», - деді Кісікова бейсенбідегі брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 423 жағдайы тіркеліп, 27-сі жазылып, үш адам көз жұмды.

adimage