Астана.8 ақпан.ҚазТАГ- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған алапат зілзала салдарынан мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді»,- делінген сәрсенбікүнгі хабарламада.
Президент көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
«Түркияда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көп адамның қаза болуы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазақстан халқының және жеке өз атымнан түрік бауырларымызға көңіл айтамын», – деп жазды Тоқаев.
8 ақпан күні ,Тоқаев Түркияға көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сол күні Қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы Түркияға ұшатыны белгілі болды.