«Алматы облысында есірткі зертханасы жойылды»
Осы жылдың қазанында ҰҚК Алматы облысы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты жасырын зертхананың әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстан азаматы есірткі затын дайындау кезінде ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Бес кг жуық дайын және 350 л «а-PVP» сұйық психотроптық заты, сондай-ақ 800 л прекурсорлар мен есірткі дайындауға арналған зертханалық жабдық тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Маңғыстауда қатерлі дертке шалдыққан науқастар жәрдемақыдан қағылған
Маңғыстау облысының прокуратурасы онкологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу тәртібінің заңдылығын тексеру нәтижесінде 3-4 топтағы онкологиямен ауыратын және паллиативтік көмек алатын 661 адамның мүгедектікті ресімдеу және кепілдік берілген әлеуметтік жәрдемақыны алу мүмкіндігінен айырылғанын анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Тіркелген жері бойынша емханалардағы емдеуші дәрігерлер науқастарға сараптамадан өту керектігін ескертпеген. Бір науқас бес жылдан бері білместен жүр. Біріне екі ай болған. Медициналық-әлеуметтік сараптамада науқастарға мүгедектік, әлеуметтік жәрдемақылар мен басқа да жеңілдіктер тағайындалады», - дейді Маңғыстау облыстық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Ғани Боранбаев.
Қадағалау актісі негізінде, денсаулық сақтау басқармасы аталған тұлғаларды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу жұмыстарын бастады.
«Астанада әкімдік шайбалы хоккейге бөлінген қомақты қаржыны негізсіз жұмсамақ болған»
Есіл ауданы прокуратурасы мемлекеттік сатып алу қаржысын негізсіз асыра бағалау фактілерін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Жергілікті атқарушы орган Т446 млн-нан астам сомаға республикалық және халықаралық жарыстарға шайбалы хоккей командаларын дайындау және қатысу үшін сатып алуды жариялаған. Конкурстық құжаттаманы зерделеу барысында Т117 млн-ға асыра көрсетілгендігі анықталды», – делінген хабарламада.
Қадағалау актісі негізінде конкурстың күші жойылды.
БҚО-да көңілдесін өлтіруге тапсырыс берген экс-әкім бостандыққа шықты
Теректі ауданының бұрынғы әкімі Жеңіс Серікқалиев көңілдесін өлтіруге тапсырыс бергені үшін 11 жылға сотталып, сегіз жылдан кейін өтелмеген мерзімін шартты мерзімге ауыстыру туралы өтініш білдірген, деп хабарлайды Stan.kz.
Белгілі болғандай, бұрынғы шенеуніктің нақты мерзімі шартты мерзімге 2024 жылдың сәуірінде ауыстырылды. Бірақ бұл қазір ғана белгілі болды. Серікқалиев сот тағайындаған 11 жылдың сегіз жылын ғана өтеді, мерзім 2027 жылдың 14 наурызында аяқталуы керек еді.
Соттың мәліметінше, жазасын өтеу кезінде Серікқалиев ережелерді бұзбаған, жұмыс істеген, іс-шараларға қатысып, 15 рет мадақтау алған.
Еске салайық, 2016 жылдың 23 ақпанында Теректі ауданының бұрынғы әкімінің көңілдесіне екі ер адам шабуыл жасап, көптеген пышақ жарақатын салған. Әйел аман қалып, Теректі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысының жүргізушісін таныды. Сот барысында Теректі ауданының әкімі Жеңіс Серікқалиев досы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Қожамұратовтан әйелді өлтіруін сұрағаны белгілі болды. Өйткені олардың арасында қызы болған, сол арқылы әйел оны бопсалады. Өз кезегінде Қожамұратов тапсырысты орындаушы ретінде өз жүргізушісін Т500 мыңға жалдап, әйелді өлтіруді тапсырған.
Фото көзі: pixabay.com