Ұлттық жобалар бойынша барлық міндеттер жылдам, ешқандай сылтаусыз жүзеге асырылуы керек – Тоқаев

Күні: 09:21, 29-09-2022.

Астана. 29 қыркүйек. ҚазТАГ – Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар бойынша барлық міндеттер жылдам, ешқандай сылтаусыз жүзеге асырылуы керектігін айтты, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Ұлттық жобалар бойынша барлық міндеттер жылдам, ешқандай сылтаусыз, ведомствоаралық тексерусіз, жауапкершілікті бір-біріне ысырмаламай орындалуы тиіс. Бастысы-жоспарланған нәтижеге қол жеткізу. Ол үшін жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасайтын жүйе керек», - деп мәлімдеді Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында Тоқаев.
Отырыста сондай-ақ, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі де қозғалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру идеясы да сөз болды.
«Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын», - деп мәлімдеді президент.
Оның айтуынша, құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін.
«Ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыру үшін биыл барлық қажетті нормативтік актілерді қабылдау керек. Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдаймын. Осы ретте бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет», - деп санайды Тоқаев.
Мемлекет басшысы балалардың оқулыққа толы үлкен әрі ауыр рюкзактарды арқалап жүруге мәжбүр болуына байланысты ата-аналардың шағымдарына арнайы тоқталды. Сондықтан оқулықтарды цифрлық форматқа ауыстыру қажеттігін атап өтті.
«Ауылдық жердегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасының да әлеуметтік маңызы зор. Әңгіме ауыл халқының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып отыр. Бұл – мемлекет ретінде біздің міндетіміз. Алайда бұл атқарылатын барлық жұмыстың ең аз бөлігі. Сондықтан жобаның екінші компоненті – ауыр дертке шалдыққандарға және жарақат алғандарға сапалы көмек көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін көпбейінді ауруханалардың құрылысына қатысты мәселе де маңызды. «Алтын сағат» қағидасын бекер ұстанбайды – науқасты жабдықталған ауруханаға неғұрлым тез жеткізсе, оның өмірін сақтап қалуға соғырлым мүмкіндік мол», - деді Тоқаев.
Бұл бастама қанайналым жүйесінің ауруы салдарынан адам шығынын азайтуға айрықша тиімді әсер етеді екен. Еліміздегі азаматтардың 35 пайызы осы аурудан көз жұмады.
«Қазақстанда ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда, инсульт пен инфаркттан 2 есе көп қайтыс болады. Тіпті, жастарымыз да көз жұмып жатыр. Соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған көпбейінді ауруханалар желісі – бұл ұлт саулығына қосылған зор үлес әрі тиімді шешім», - деп атап өтті президент.


Жаңалықтармен бөлісу: