Әлдебір топ әдейі қауесет таратып жүр – Әшімбаев, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы қашан шығады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 5 желтоқсан. ҚазТАГ – Әлдебір топ әдейі қауесет таратып жүр – Әшімбаев, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы қашан шығады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Ұлттық қор – балаларға»: 2025 жылы әр балаға 130 доллардан түсуі мүмкін

Сенат отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев 2025 жылы «Ұлттық қор – балаларға» ұлттық жобасы аясында қазақ балаларына 118-120 доллар берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазір (қордағы қаржы) доллармен есептеледі және осы сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан жинақ өсіп жатыр. Инвестициялық кіріске тоқталсақ, биыл біз 2,6%-бен санадық. Келесі жылы 3% инвестициялық өсім болады деп болжам жасап отырмыз. Сондықтан біз 1 қаңтардағы санды ескеріп, балаларға 118-120 доллар болатын шығар деп отырмыз. Бірақ оны 1 ақпанға дейін тағы бір нақты есептеу керек», - деді Мәди Такиев.

Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бір балаға болжам 130 долларды құрайтынын айтты.

«Павлодарда республикалық тас жолдардың бойында шұғыл медициналық бекеттер ашылады»

Мұндай бастама республикалық маңызы бар жолдардың ұзақтығын әрі жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлімді азайту үшін қолға алынып отыр. Павлодар облысы аумағындағы республикалық маңызы бар жолдар бойында шұғыл медициналық бекеттер ашылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Жылдың алғашқы 10 айында өңірде бала туу, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының, жол-көлік оқиғалары кезіндегі жазатайым оқиғалардың теріс динамикасы байқалады. Республикалық маңызы бар жолдардың ұзақтығын ескере отырып, жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлімді азайту үшін өңір басшысы Ақсу-Курчатов, Тереңкөл-Железин бағытындағы республикалық жолдардың бойында тәулік бойы қосымша шұғыл медициналық қызмет бекеттерін ашуды тапсырды», - деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сараптама қорытындысы бір айдың ішінде шығатын болды

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтың мәлімдеуінше, Талғардағы қанды оқиғаға қатысты тергеу әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір осы қылмыстық іс қатаң бақылауда. Қазір күтіп отырмыз, әзірге бірнеше сараптама дайын емес. Бір айдың ішінде сараптама қорытындысын алғаннан кейін қосымша толық ақпарат беріледі. Тергеу толық жүріп жатыр, бәрі бақылауда. Бәрімізге мәлім, жауапты қызметкерлер жазаланды», - дейді ол.

Айта кетейік, Талғар қаласында 4 қазан күні төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қаза тапты.

Әлдебір топ әдейі қауесет таратып жүр – Әшімбаев

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жақында президент, парламент сайлауы өтеді деген қауесетті жоққа шығарды. Оның пікірінше, бұл – әлдебір топтың әдейі шығарып жүрген спекуляциясы, деп хабарлайды «Курсив».

«Мерзімінен бұрын сайлау өтеді деген әңгімелерді белгілі бір мақсатты көздеген адамдар таратып жүр. Бұған ешқандай негіз жоқ», – деді Мәулен Әшімбаев.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage