Елімізде оқушы қыздарды АПВ қарсы вакцинациялау басталды, Зайытов құзырлы органдарды сынады және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Елімізде оқушы қыздарды АПВ қарсы вакцинациялау басталды, Зайытов құзырлы органдарды сынады және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

«Халықтан қашпаңыздар!» Ринат Зайытов құзырлы органдарды сынады

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов бас прокурорға сауал жолдап, кейбір құзырлы органдар халықтың мұң-мұқтажына назар аудармай отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Парламент мәжілісі халықпен тікелей байланыста болғандықтан жұма сайын жұрттың арызын тыңдап, өтініштерін қабылдайды. Солардың басым көпшілігі белгілі бір ведомство басшысының қабылдауына кіру. Себебі, өңірлердегі және алып мегаполистердегі шолақ белсенді, орташа деңгейдегі қызметкерлердің «өзім білемдікке» салып заң бұзуы азаятын емес. Оған мысалымыз да, дәлеліміз де жетіп артылады. Бұған тоқтау қоятын бас прокуратура, Жоғарғы сот пен министрлердің есігі халық келгенде бір ашылған емес. Бұл қалай? «Естуші үкімет» қағидатын ұстануды тапсырған мемлекет басшысының сөзі ескерілуге де татымағаны ма?» - деді депутат.

Зайытовтың айтуынша, мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.

«Қазақстан 10 жылдан кейін сусыз қалуы мүмкін – сарапшы»

Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі кеңесші Дина Огай Қазақстан мен Қырғызстанның алдында тұрған проблемалар туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан 10 жыл ішінде су тапшылығына тап болуы мүмкін.

15 жылда Қазақстан БҰҰ болжамдары бойынша ең қатал «су ашаршылығын» бастан кешіреді. 2050 жылға қарай су тапшылығы 3 есеге артады және әрбір екінші қазақстандық су тапшылығын бастан кешіреді.

Еске салсақ, 2023 жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы су тапшылығының ауқымды проблемасы туралы мәлімдеді. Артынша су ресурстары және ирригациялар министрлігі құрылды.

АЭС бойынша референдум: Заңды бұзған 4 адам ұсталды

Алматы қаласының прокуратурасы Қазақстандағы АЭС-қа қатысты референдум өткізу туралы заңнаманы бұзған төрт адам жауапқа тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Прокуратураның мәліметінше, атом электр станциясының құрылысы бойынша қоғамдық пікірге сауалнама жүргізгендер Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының талаптарын сақтамаған.

«Нәтижесінде 4 құқық бұзушы әкімшілік жауаптылыққа тартылып, айыппұл арқалады», - делінген хабарламада.

«Қазақстанда оқушы қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау басталды»

Қазақстанда қыздарды жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау басталды, деп хабарлайды Nege.kz.

Бас мемлекеттік санитардың қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.

Жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына қарсы екпені салу үшін ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің келісімі алынады. Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

Фото көзі: parlam.kz


adimage