ҰБТ биыл 20-30 маусым аралығында 169 пунктте өтеді – ҚР БҒМ

Астана. 18 маусым. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) биыл 20-30 маусым аралығында 169 пунктте өтеді, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
«ҰБТ биыл 20-30 маусым аралығында 169 пунктте өтеді. Барлығы ҰБТ-ға 117 242 түлек қатысады. ҰБТ өтетін орындарда мемкомиссия құрылған, олардың құрамына құқыққорғау органының, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері кірген. Республикалық деңгейде және әр пунктте апелляциялық комиссия құрылған», - деді Аймағамбетов сейсенбідегі үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол хабарлағандай, ҰБТ өтетін барлық аудиториялар ұялы байланысты басатын құрылғымен, бейнекамералармен жабдықталған, ал жедел ақпаратпен алмасуды қамтамасыз ету мақсатында БҒМ мен Ұлттық тестілеу орталығының call-орталықтары жұмыс жасайтын болады.
«Биыл ҰБТ форматы өзгерген жоқ. Тапсыратын пәндер, сұрақтар, балл саны – барлығы бұрынғы форматта қалды. Алайда ҰБТ жетілдіруге арналған бірқатар шаралар кешені бар. Мәселен, биылдан бастап ҰБТ ақылы негізде оқығысы келетіндер үшін жылына төрт рет өткізіледі. Бұл психологиялық жүктемені төмендетеді және маусымдағы ҰБТ-ға жақсы дайындалуға мүмкіндік береді. Егер бұрын ҰБТ тек маусымда ғана тапсырылса, биыл қаңтарда және наурызда да тапсыру мүмкіндігі берілді. Қаңтарда 35 мың түлек осы мүмкіндікті пайдаланса, наурызда шамамен 80 мыңдайы пайдаланды, яғни түлектердің 78%-ы қатысқан, ҰБТ тапсырғандардың 70% -ы қажетті балл санын жинап, ақылы негізде оқу мүмкіндігіне ие болды. Егер ҰБТ тапсырғандар арасында грантқа түскісі келетіндер болса, олар маусым айында ондай мүмкіндікке ие болады», - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Еске салсақ, ҰБТ биыл 16-шы жыл өткізілгелі отыр. ҚР БҒМ ақпарынша, осы жыл ішінде оған 1,8 млн адам қатысқан.

adimage