Біз неміс бизнесмендері үшін ерекше жағдай жасауға дайынбыз - Тоқаев

Күні: 12:08, 06-12-2019.

Астана. 6 желтоқсан. ҚазТАГ – Біз неміс бизнесмендері үшін ерекше жағдай жасауға дайынбыз, деп мәлімдеді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазақстан Президенті ретінде Германиядан елімізге инвестиция мен кәсіпкерлерді тартуға және бизнес өкілдерінің өздерін қауіпсіз сезініп, табысты дамуы үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын. Біз неміс кәсіпкерлері үшін ерекше жағдай жасауға дайынбыз», - деп келтіреді Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекші неміс компаниялары өкілдеріне арналған іскерлік дастархан басында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы әңгімесінен.
Президент Қазақстанның өз стандарттарын жақсартуға, болашақта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болу үшін заңнамаларды осы ұйым деңгейіне дейін көтеруге ұмтылатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қолайлы географиялық жағдайы мен орнықты сыртқы экономикалық саясаты шетелдік инвесторлар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашатынына назар аударды.
«Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды көлік хабы болып табыламыз. Барлық трансқұрлықтық бағыттағы жолдардың 70 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі жүк тасымалына кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Биыл Қытайдың Сиань қаласынан Германияға тасымалданатын жүк небәрі он күнде жеткізіліп, ректордтық көрсеткішке жетті», - деп атап өтті президент.
Неміс іскер топтарының өкілдері Қазақстан нарығында жұмыс істеу тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары мен ұсыныс-тілектерін айтты.
«Біз үшін сізбен әңгімелесу зор ғанибет. Сіздің бүгінгі сапарыңыз саяси қатынастарымызға ғана емес, экономикалық байланыстарымызға да оң ықпал ететініне сенімдіміз. Қазақстан үшін Германия бизнесі сенімді серіктес екеніне сендіремін. Болашақ ынтымақтастығымыз бен Қазақстан экономикасындағы неміс инвестициясын арттыру үшін бізге зор мүмкіндіктер ашылады деп есептеймін», – деді «WILO» компаниясының басшысы Оливер Гермес.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды неміс бизнесінің қатысуымен жүзеге асыруда ынтымақтастық орнатуға Қазақстанның дайын екенін мәлімдеді.
«Біз барлық мәселенің оң шешілуіне көмектесуге мүдделіміз. Бүгінгі сіздердің баяндамаларыңызда айтылған жобалар Үкіметіміздің ерекше назарында болады. Қазақстанда сіздердің бизнестеріңіз жүзеге асырып жатқан бірлескен жобаларға қолдау көрсетуге баса мән береміз», – деді мемлекет басшысы.


Жаңалықтармен бөлісу: