Балқаш жағалауында инженерлік-коммуникациялық желі салудың қаражат мәселесі шешілді

Астана. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Балқаш көлінің жағалауында инженерлік-коммуникациялық желі салудың қаражат мәселесі шешілді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«2024 жылы Жетісу облысында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен Т75 млрд қаржы бөлінді, оның ішінде әлеуметтік салада 24 жобаны жүзеге асыруға Т20,2 млрд, инженерлік инфрақұрылым саласында 153 жобаға Т45,9 млрд және көлік инфрақұрылымындағы 19 жобаға Т8,8 млрд бөлінді, оларды жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде», - деп жауап берді премьер-министр Олжас Бектенов Жетісу облысындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға қатысты депутаттардың сауалына.

Премьердің айтуынша, республикалық бюджет комиссиясының шешімімен (2024 жылдың 22 тамызындағы №18) 2025 жылға жобаларды жүзеге асыру үшін Жетісу облысына Т50,1 млрд бөлуге қолдау көрсетілген. Ол жобалардың ішіне Ақсу ауданының орталық аудандық ауруханасын сейсмикалық күшейту, Балқаш көлінің жағалауында инженерлік-коммуникациялық желі салу, облыстық маңызы бар 5 көпірді қайта жаңғырту кіреді.

«Ұлттық қор есебінен жалпы құны Т131,7 млрд құрайтын 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтитын «Талдықорган – Үшарал» магистралдық газ желісінің құрылысы басталды», - деп хабарлады ол.

Сондай-ақ үкімет басшысы өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар бизнес өкілдерімен бірлесіп, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын жаңғырту есебінен туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар күшейтілетінін атап өтті.

Фото көзі: el.kz


adimage