Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109-ға жетті

Күні: 16:49, 26-03-2020.

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 109-ға жетті, деп хабарлады елдегі COVID-19 жағдайына арналған ресми ресурстан.
«Соңғы ақпар: 109 жағдай тіркелді. Нұр-Сұлтан – 61, Алматы – 40, Қарағанды – екі, Шымкент – екі, Алматы облысы – бір, Ақтөбе облысы – бір, Жамбыл облысы – бір, Солтүстік Қазақстан облысы – бір», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны 428 мыңға жуық, қайтыс болғандар – 21,4 мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан та табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген.
25 наурызда белгілі болғандай, коронавирус жұқтырған екі қазақстандық емделіп шыққан.


Жаңалықтармен бөлісу: