Қазақстанда азық-түлік қымбаттады, Перуашев Штрафстан туралы сын айтты және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 4 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстанда азық-түлік қымбаттады, Перуашев Штрафстан туралы сын айтты және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Елімізде азық-түлік қымбаттады

Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы инфляция мен бағалар өзгерісі туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

2024 жылғы қарашада тұтыну бағаларының айлық индексі алдыңғы айдағыдай 0,9% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 1,1%, ақылы қызметтер – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар 0,7% жоғарылады.

Мәліметке сәйкес, азық-түліктен қияр бағасы – 40,3%, қызанақ – 37,3%, тәтті бұрыш – 15,5%, басты пияз – 13,9%, сарымсақ – 10,1%, қырыққабат – 8,9%, картоп – 6,2%, апельсин – 4,8%, лимон – 4,1%, күнбағыс майы 4% өсті.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер суық суға – 11,4%, электр энергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 2,2%, орталықтан жылытуға 2,1% жоғарылады.

 Шинамонтаж қызметтері 3%, монша қызметтері – 2,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері 1,2% қымбаттады. Биылғы қарашада бағаның өсуі отынға – 1,4%, тас көмірге 1% байқалды.

«2024 жылғы қарашада жылдық мәнде инфляция деңгейі 8,4% құрады. Ақылы қызметтер бағасы – 13,3%, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 8%, азық-түлік тауарлары бағасы 5,4% жоғарылады», – деп толықтырды ведомство.

Енді заңсыз шығарылған активтер ІІМ Интерполы арқылы қайтарылады

Астанада ішкі істер министрлігі Интерпол Ұлттық орталық бюросы мен Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Меморандум аясында тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру, активтерді қайтару және заңсыз қаржы операцияларының жолын кесу саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін күш біріктіруге келіскен.

«Меморандум ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтару бойынша жаһандық күш-жігерді нығайтуға деген шешімімізді көрсетеді», – деп атап өтті ІІМ Интерпол ҰОБ-ның бастығы Мерей Мақұлжан.

«Қыз сендерге тауар ма»: Жаңбыршин қыз алып қашатындарды қатаң сынады

Мәжілісте «Мәдениет туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасын талқылауда депутат Еділ Жаңбыршин тәрбие мәселесіне назар аударды.

«Қызбен келіспей, сөз байласпай, көшеден салып алып әкетеді. Ол тауар емес, адам ғой. Оның тағдырына әсер етеді. Бұл заңның аясында қаралатын нәрсе емес шығар. Бірақ парламент төрінде қоғамдағы кез келген мәселе талқылануы керектігін президент айтты. Жігіттерді түсінбеймін: қыз құлағымен, жігіт көзімен сүйеді. Қыздың көңілін таба алмайтын жігіт – не қылған жігіт ол? Көшеге барып, қызды бүктеп салып алу деген не? Біз дамыған қоғамда, жетілген қоғамда өмір сүрсек, мәдениетті жағдайға әкелу керек. Басқа ұлттың біреуі олай жасамайды. Еуропада, Ресейде оны естідіңіз бе? Бұл қоғамдағы үлкен дерт», – дейді ол.

Оның айтуынша, қызды ұрлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылу керек. Не себепті кейбір мемлекеттік органдар оған қарсы болып жүргенін түсінбейтінін атап өтті.

«Штрафстан»: Депутат елдегі айыппұл мөлшерін көбейтуге бағытталған заң жобасына қарсы шықты

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев елдегі айыппұлдарға қарсы шығып, түрлі заңбұзушылықтар үшін кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдарды тағы да көбейтуді көздейтін заң жобасын сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz.

«Бағадағы қателік үшін Т700 мың айыппұл төлегеннен гөрі тексерушіге Т100 мың төлеп құтылған оңайырақ. Мемлекет жазалап қана қоймай, ынталандырып, тәрбиелеуі керек. Мынау ұялатын тірлік қой, мырзалар. Қайдағы бір «Штрафстанды» жасап жатқан сияқтысыздар, бірақ біз қалыпты және теңгерімді нарықтық экономиканы құрғымыз келеді», – деді мәжілісмен.

Фото көзі: 2gis.kz


adimage