Қазақстанда ауыл шаруашылық субсидиясын алушыларды жыл сайын өнім көлемін өсіруге және өндіріске инвестиция салуға міндеттейді – ҚР АШМ

Астана. 23 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстанда ауыл шаруашылық субсидиясын алушыларды жыл сайын өнім көлемін кем дегенде 3%-ға өсіруге және өндіріске инвестиция салуға міндеттейді, деп хабарлады ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметінен.
 «Субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, жыл сайын өз өнімдерін өткізу көлемін кемінде 3% ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру және өнімді форвардтық келісімшарт бойынша тұрақтандыру қорларына жеткізуді қамтамасыз ету, сонымен бірге өндіріске кемінде 5 жылда бір рет инвестициялар салуды көздейді», - делінген жұмада таратылған АШМ хабарында.
Ақпарға сәйкес, фермерлерді келесі жылдың басында күшіне енетін АӨК субсидиялаудың жаңа ережелері қандай болады деген мәселе толғандырады. Ведомство басшысы қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары сақталатынын түсіндірді, бұл - инвестсубсидиялау, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау, сондай-ақ қарыздарды кепілдендіруді сақтандыру. Алайда бірқатар өзгертулер де енгізіледі. Мал шаруашылығы бойынша субсидиялаудың 5 түрін (өндірушілердің, олардың ұрығының, эмбриондарының құны, өндірушілерді жалдау, сондай-ақ жасанды ұрықтандыру жөніндегі қызметтерді) алып тастау және олардың орнына субсидиялаудың жойылған түрлері үшін өтемақы ретінде субсидиялау нормативтерінің едәуір ұлғаюымен селекциялық-асыл тұқымды жұмысты қаржыландыруды ғана қалдыру ұсынылады.
Сондай-ақ, субсидиялаудың жалпы көлемі 451 млрд теңгені құрайды, «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру 2 есеге артты - 140 млрд теңгені құрады, сондай-ақ форвардтық сатып алуға бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 80 млрд теңгені құрады. Бұдан басқа, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақының қолданыстағы нарықтық мөлшерлемесі 20% болған кезде фермерлер үшін небәрі 6% мөлшерлеме көзделген, қалғанын мемлекет өтейді.

adimage