Қазақстан теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдер тобын басқаруға ниетті

Астана. 15 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан 2020-2021 жылдары теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдер тобы төрағасының лауазымына өз кандидатурасын ұсынуға ниетті, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Биыл Парагвайдың теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына төрағалығы аяқталып, кезек Азия-Тынық мұхит аймағына өтеді. Осыған орай, теңізге шығатын жолы жоқ ең ірі дамушы мемлекет ретінде және көлік саласындағы жетістіктерін, 2050 жылға дейін әлемдегі 30 дамыған елдер қатарына ену мақсатын ескере отырып, Қазақстан 2020-2021 жылдары теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына төрағалық етуге өз кандидатурасын ұсыну туралы ниет білдірді», - деп хабарлады жұмада ИИДМ.
Мәлімдеме Бангкокта теңізге шыға алмайтын елдер үшін 2014-2024 жылдарға арналған Вена іс-қимыл бағдарламасының Еуро-Азиаттық өңірлік орта кезеңдік шолуы аясында өткен отырыс барысында жасалды. Кездесу 11-13 ақпанда өтті. Күн тәртібінде транзит саласындағы саясат, инфрақұрылымды дамыту мен қызмет көрсету, халықаралық сауда мен саудаға көмек, аймақтық интеграция мен ынтымақтастық, құрылымдық экономикалық трансформация және БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолдары сияқты негізгі мәселелер талқыланды.
«Қазақстан 2003 жылы Алматы декларациясы және Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер үшін 2004-2014 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы қабылданған Конференциясын өткізген ең алғашқы мемлекет. Қазақстанның аталған топқа төрағалық етуі аймақтағы байланысты дамыту, халықаралық саудаға жәрдемдесу, әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттің халықаралық аренадағы имиджін көтеруге әсер етеді», - делінген хабарда.
Аталған ұсыныс биыл желтоқсан айында Нью-Йорктегі БҰҰ Хатшылығында қарастырылатын болады.

adimage