Қазақстан С гепатитіне қарсы инновациялық препараттың ерікті лицензиясын алды – денсаулық сақтаумині

Күні: 17:31, 16-05-2019.

Астана. 16 мамыр. ҚазТАГ - Қазақстан С гепатитіне қарсы инновациялық препараттың ерікті лицензиясын алды, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан С гепатитіне қарсы инновациялық препараттың ерікті лицензиясын алды. Бұдан кейін Қазақстан С гепатитіне қарсы Софосбувир, Ледипасвир және Велпатасвир сынды қымбат дәрінің түпнұсқасын ғана емес, генерикалық препараттардың баламасын сатып алады. Патент иесі бұған рұқсат берді», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Ведомствода атап өткендей, еліміз аталған лицензияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Gilead фармкомпаниясы арасындағы меморандум аясында қол жеткізді. Тараптар құжатқа қол қойды. Бұл Қазақстанның С гепатитіне қарсы арзан әрі сапалы дәрі сатып алуына мүмкіндік береді. 
«Осылайша, отандық науқастарға С гепатитін емдейтін инновациялық препарат қолжетімді болып отыр. Егер бұрын Софосбувир, Ледипасвир және Велпатасвирдің құны мың долларға дейін жетсе, қазір оның бағасы 100 доллардан төмендейді. Ал мұндай емнің 90 пайыз әсері болады. Елжан Біртановтың айтуынша, бұл меморандум С гепатитіне шалдыққандар үшін ғана маңызды емес. Қазақстанда жаман ауруды түбегейлі жою жолында жасалған үлкен қадам», - делінген хабарда.
ҚР Денсаулық сақтау министрі мен фармкомпания өкілі Бен Камар әріқарай да екіжақты қарым-қатынас орнатамыз деп келісті.
«Айта кетейік, ТМККК аясында біріңғай дистрибьютормен келісімнің арқасында және БҰҰ даму бағдарламасы аясында былтырдан бері еліміздегі науқастар Софосбувир және Даклатасвир генерикалық препаратымен емделеді. Қазақстан былтырдан бастап тіркеуде тұрған вирусты С гепатитін жұқтырғандарды тегін дәрімен қамту үшін генерикалық дәрінің емдік курсын 86 доллардан сатып алып келген. 2018 жылы 139,3 млн теңгеге 4 мың науқас ем алды. Биыл медициналық мекемелерде 476,6 млн теңгеге 1 166 564 таблетка берілді, рецепт бойынша 204,7 млн теңгеге 495 404 таблетка таратылды», - деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігінен.


Жаңалықтармен бөлісу: