Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси пана сұрады

Алматы. 13 ақпан. ҚазТАГ – Сенат спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси пана сұрады, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Қазіргі таңда отбасым қалай да қысым көрсетуге тырысуда, сондықтан маған осындай түбегейлі шараға баруыма тура келді – мен Ұлыбританиядан саяси пана сұраймын. Менің соңғы бес жылым сұрқай тартып кетті. Халықтың шын мәнінде не болғанын және неге солай болғанын білетін кез жетті!» - деп жазды Айсұлтан Назарбаев бейсенбіде өзінің Facebook парақшасында. .
Еске салсақ, 22 қаңтарда Айсұлтан Назарбаев көпке созылған үнсіздіктен кейін өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бірқатар посттар жариялады. Мультимедиялық SilkRoad порталындағы сұхбатында ол өзін ұрлап кетпекші болғандары туралы айтып, «Дариға Назарбаева Қазақстанның тұңғыш президентін уысында ұстап отыр, себебі Айсұлтан – оның баласы» деген сенсациялық жаңалығымен бөлісті.
23 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев Айсұлтан Назарбаевтың ДНК сараптамасы деген атпен құжат жариялады, ол құжатта Айсұлтан Назарбаев пен оның әкесі Рахат Әлиевтің ДНК сараптамалары 99,999784244% сәйкес келген-мыс. Алайда құжаттың өзі қандай да бір мөрмен және қолмен расталмаған. Қазақстандықтар өз түсініктемелерінде Мұсаевты Дариға Назарбаевтың «адвокаты» дей отыра құжаттың растығына күмән келтірді. Кейін генетикалық сараптама саласындағы маманның бірі ҚазТАГ-қа берген сұхбатында Мұсаевтың ДНК-тестін емес генетикалық сараптама негізінде туыстықтарын растайтын нақты құжаттар үлгісін ұсына отырып, түсініксіз қағазды көрсетті деп атап өтті. Мұның алдында Айсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында мәлімдегендей, билікті басып алуға талпыну айыбы бойынша 25 жылға бас бостандығынан айырылған және шетелде жасырынып жүрген Мұсаев Дариға Назарбаеваның адамы екен.
2 ақпанда Айсұлтан Назарбаев 2016 жылдан бері «отбасының және соның маңайындағылардың тарапынан үнемі қысымға» ұшырап келгенін, сондай-ақ «адам құқығына нұқсан келуде, жүйе шындықтың дыбысынан ыдырап жатыр» деп мәлімдеді.

adimage