Атырау халықаралық әуежайының шотынан Т12 млн ұрлаған программист ұсталды

Күні: 18:05, 11-07-2019.

Астана. 11 шілде. ҚазТАГ – Атырау халықаралық әуежайының шотынан Т12 млн ұрлаған программист ұсталды, деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«Тексеру барысында қаскүнем пайдакүнемдік мақсатпен арнайы білімінің көмегімен, жоғарыда көрсетілген ірі ақша сомасын Атырау халықаралық әуежайының шотынан өзінің танысының банктегі ашық шотына аударып, сол күні ақшаны шоттан шешіп алғандығы анықталды. Аталған факт ҚР ҚК 188-бабының 4-тармағы 3 бөлігімен, яғни аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған азаматқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
ПД-де нақтылағандай, ұрлық туралы хабарлама 26 сәуірде келіп түскен.
«Ағымдағы жылғы 26 сәуірде Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне 25 сәуірде «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-на тиесілі екінші деңгейдегі банктердің біріндегі шоттан 12 000 000 (он екі миллион) теңге ақша ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полициясының қызметкерлері құқыққа қарсы әрекет жасаған күдіктіні «ізін суытпай» анықтап, ұстады. Ол «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-ның 23 жастағы инженер-программисті болып шықты», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: