Астана. 22 мамыр. ҚазТАГ – Астанада дауыл кезінде құлаған мұнаралы крандар саны екіге жетті, деп хабарлады ҚР ішкі істер министрлігінің төтенше жағдай комитетінің (ТЖК) баспасөз қызметінен.
«Сарыарқа ауданы, Сұлукөл көшесі, 14 үй, құрылыс жүріп жатқан нысан аумағында мұнаралы кран құлаған, зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады сейсенбіде ҚР ІІМ ТЖК-ден.
Бұған дейін хабарланғандай, осы уақыт ішінде Бейбітшілік және келісім сарайының витраждары сынып, қаптамасы мен кірер қақпасы құлаған, елордадағы аудандардың бірінде кран құлаған. Сонымен қатар, №43 орта мектептің шатыры ұшып кеткен, ҚР Ұлттық мұражайы мен «Олимп Палас» тұрғын үй кешенінің сыртқы қаптамасының кей тұстары жұлынған, Астана учаскелерінің бірінде жеке тұрғын үй шатыры ұшқан. Сондай-ақ, түрлі заттардың құлауынан зардап келген көліктер туралы да ақпар келіп түсуде.
Тағы бір жағдай елордалық әуежайда орын алған - Air Astana (тіркеу нөмірі Р4-КВВ) әуекомпаниясының Шымкент-Астана КС352 рейсіндегі Airbus-320 ұшағы 13.22-де қонғаннан кейін ұшу-қону жолағының сыртына жылжып кеткен.
Дауыл салдарынан 10 адам зардап шеккен, олардың 9-ы ауруханаға жеткізілген.