Астанада «ақылды» аудан құру жоспарлануда

Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ – Астанада «ақылды» аудан құрмақ, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми интернет-ресурсынан.
«Ақылды» үйден «ақылды» бағанға дейін. Астанада ең озық технологиялармен аудан құру жоспарлануда. Жастар» шағын ауданындағы А. Бараев, А. Кравцов, Ж. Тәшенов және Т. Хусейн көшелерінің шекарасында «Ақылды» аудан жасалады. Жоспар бойынша жаңа технологияларды енгізудің арқасында 10 бағыт бойынша игіліктер құрылатын болады: абаттандыру (жылы тротуарлар, жылыту жолдары және тағы басқа), «ақылды» жүргіншілік және көліктік жоспарлау, сандық-мобильдік кәсіпкерлік, «ақылды» инфрақұрылым (жарық, кәріз), экологиялық шешім (қоқысты бөлек сақтау), қауіпсіздік және т. б.», - делінген бейсенбіде жарияланған хабарда.  
Хабарда айтылғандай, жаңашылдықты енгізуге жауап беруші «Astana Innovations» АҚ.
«Елордада «болашақ аралын» құру инвесторлардың қаржысына жоспарланған. Осындай жаңа үлгідегі аудан құру болашақта салынатын шағын аудандарға бағдар болады», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, жобаны жасаушылар «Жастар» шағын ауданын жайдан жай таңдамаған, оның қаланың тең ортасында орналасқаны, тоғыз жолдың торабында тұрғаны және қаланың қай бағытынан келсеңіз де ыңғайлы орналасқаны ескерілген және жобалаушылар мол қаржы жұмсамай-ақ тұрғындарға жайлы, өмір сүруге қолайлы, дұрыс сәулеттік жоспарлау және әлеуметтік технологияларға негізделген «ақылды» аудан құрмақ.


adimage