Астана қаласының ортасын регенерациялау басқармасы құрылды

Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ – Астана  қаласының ортасын регенерациялау басқармасы құрылды, деп хабарлады елорда әкімінің ресми интернет-ресурсынан.  
«Қанатқақты жоба ретінде «Астана қаласының ортасын регенерациялау басқармасы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Әлеуметтік құрылымда жаңа инвестициялық жобалар аясындағы жобалау кезеңінен пайдалануға беруге дейінгі шараларды жүзеге асыру басқарманың негізгі міндетіне жатады. Басқарма бизнес-процесстердің басым бөлігін цифрландыратын болады», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, елордалық әкімдік трансформация аясында халықаралық табысты қалалар мысалында Астананы басқару жүйесін толығымен қайта қарап шықты. Қалалық билік хабарлағандай, «жаңа жүйеге сәйкес, басқару құрылымы жобалық кеңсе принципі бойынша стратегиялық және операциялық деңгейлерге бөлінген».
«Трансформация нәтижесінде елорда әкімдігінің мынадай жаңа әлеуетті міндеттері анықталды: қуатты үнемдеу, энергиялық тиімділік, электр қуаты нарығының қызметін бақылау мен сараптау; газбен және қатты отынмен қамту саласын реттеу мен басқару; қала құрылысы мен сәулет саласын урбанистикалық тұрғыда дамыту, цифрландыру және инновациялық жобаларын әзірлеу, бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру, стратегиялық жобалау, әр мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуінің тиімділігін бағалау, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған біртұтас саясатты жүзеге асыру», - деді қалалық әкімдіктен.
Еске салсақ, 2017 жылдың 29 желтоқсанында хабарланғандай,  Астана билігі әкімдік құрылымындағы меморгандар санын 30-дан 22-ге дейін қысқартуды көздеп отыр.  Қала әкімі аппаратының басшысы Берік Жәкеновтың айтуынша, өзгерістер әкімдік қызметінің жүйелі өзгерісін жүзеге асыруға, жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасау мүмкіндігін төмендетуге, мемқызметкерлердің кадрлық әлеуетін арттыруға, халық тарапынан сенім деңгейін арттыруға   мүмкіндік береді.

adimage