2025 жылға дейін 200 қазақстандық кәсіпорын «ақылды өндіріске» көшеді

Астана. 13 желтоқсан. ҚазТАГ – Владимир Радионов. 2025 жылға дейін 200 қазақстандық кәсіпорын «ақылды өндіріске» көшеді, деп мәлімдеді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«4.0 индустриясы отандық өнеркәсіпті жаңғыртудың өзекті әрі маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта кәсіпорындарды цифрландыру бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай цифрлық технологияны енгізген өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың санын 200-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Нәтижесінде технологиялық дамудың қазіргі деңгейінен «ақылды өндіріс» деңгейіне көшу қамтамасыз етілуі тиіс, яғни, өндіріс толық автоматтандырылуы және роботтандырылуы қажет», - деді Тоқаев жұма күні «Алтын Сапа» сыйлығын тапсыру салтанатында.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы индустриалды саясаттың орталық құралы экспортты ынталандыру болуы тиіс деп атап өтті.
«Біз жеке сектордың әлеуетін барынша пайдалана отырып, экспортқа негізделген өңдеу өнеркәсібінің даму бағытын айқындадық. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру кезінде өткен бесжылдықтардағы кемшіліктерді ескеріп, өңделген өнімдердің экспортын ұлғайту, шығарылатын өнімдерді технологиялық тұрғыдан «күрделендіру», сапалы жұмыс орындарын ашу секілді міндеттерді орындау керек», - деп санайды Тоқаев.
Индустриалды саясаттың алғашқы екі бесжылдығын қарастыра келе Қазақсан президенті бұған дейін Қазақстанда шығарылмаған тауарлардың 500-ден астам түрін шығару жолға қойылғанын, ал өнеркәсіп құрылымындағы өңдеуші сектордың үлесінің 2009 жылы 32%, 2018 жылы 38% дейін өскенін атап өтті. Нәтижесінде бүгінде Қазақстанда шығарылған өнімді әлемнің 120 астам елі тұтынады.

adimage