Қызыл Крест содырлардың балалары проблемасы бойынша Қазақстанда кездесу ұйымдастырғысы келеді

Күні: 10:50, 06-12-2019.

Астана. 6 желтоқсан. ҚазТАГ - Халықаралық Қызыл Крест комитеті (ХҚКК)  содырлардың балалары проблемасы бойынша Қазақстанда кездесу ұйымдастырғысы келеді, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Халықаралық Қызыл Крест комитеті өз мандаты аясында және гуманитарлық мақсатта Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсетуге дайын. Таяу Шығыстағы қақтығыстарға қатысы бар ұсталған адамдармен жолығып, пікір алмасуға қуанышты болар едік. Біз Нұр-Сұлтан немесе Алматы қалаларында аталған күрделі мәселе жөнінде тәжірибе алмасу үшін осындай проблемаға тап болған басқа елдердің өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруды ұсынамыз», - делінген жұма күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына  Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті (ХҚКК) Петер Маурердің 14 қазақстандық баланы Ирактан әкелу операциясына байланысты жолдаған құттықтау хатында.
Петер Маурердің хатында репатриация және реинтеграция мәселелерінде Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті арасындағы ықпалдастықты нығайту, қақтығыс аймағынан оралған отбасы мүшелерін қауыштыру және адамдарға психологиялық қолдау көрсету қажеттігі айтылған.
«Осындай күрделі мәселелерді шешу ісінде Қазақстанның «Жусан» операциясын табысты жалғастырып отырғаны бүкіл әлемге үлгі болуы тиіс», - делінген гуманитарлық ұйым басшысының хатында.
Еске салсақ, 27 қарашада 14 қазақстандық баланың Ирак түрмелерінен шығарылып, Отанға қайтарылғандығы туралы хабарланған еді. Сол кезде ҚР сыртқы істер министрлігі «Қазақстанның бұл кәмелетке толмаған азаматтары Ирак түрмесінде лаңкестік әрекетке қатысы болғандығы үшін жазаларын өтеп жатқан аналарымен бірге отырғандығын» атап өткен еді.


Жаңалықтармен бөлісу: