«Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы жаңа пойыз сапарға аттанды

Астана. 19 сәуір. ҚазТАГ – «Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы жаңа пойыз сапарға аттанды, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен.  
«Қарағанды вокзалында жаңа «Қарағанды-Жезқазған» пойызын алғаш сапарға аттауына байланысты салтанатты шара өткізілді», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.  
Хабарда айтылғандай, Қарағанды-Жезқазған» пойызы күнара тақ күндері қатынайтын болады. Вагондар түгел (2 купе, 3 плацкарт, жалпы-1) қазіргі заман талабына сай ауа баптағыш құрылғымен жабдықталған.
«Жол жүру құны купеде 3197 тенге, ал плацкарт 2071 тенге, жалпы вагонда 1238 тенге тұрады. Басқа жолаушылар пойызымен салыстырсақ билет бағасының 20 пайызға арзан екенін байқаймыз», - делінген хабарда.
Пойыз екі бағытта да жолдағы барлық бекеттер мен разьездерге аялдайды. Аялдау нүктелерінің жалпы саны – 27. Шараға қатысушылар аталмыш пойыз Қарағанды облысының тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болады деген сенімде.  
Еске салсақ, бұл әлеуметтік маңызы бар бағыт болып табылады және алыс ауданда тұратын жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
Жаңа маршруттың ашылуы Қарағанды облыстық әкімдігі мен «Қала маңы тасымалы» АҚ арасындағы ұзақ мерзімдік қаржыландыру туралы 10 жылдық келісімге қол қойылған соң жүзеге асып отыр.
Хабарда атап өтілгендей, жалпы 2017 жылы 7 жаңа бағыттар ашылса, биылдың өзінде «Астана-Семей», «Астана-Шымкент», «Алматы-Шымкент» бағыттары бойынша жаңа пойыздар тағайындалып, «Астана-Риддер», «Алматы-Павлодар» пойыздарының жылжымалы құрамы жаңа «Тұлпар-Тальго» вагондарымен алмастырылды.
                                

adimage