Тоқаевтың логистикалық жобаларды дамыту жөніндегі шешімдерінің ешқандай саяси астары жоқ – Ақорда

Астана. 7 шілде. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың логистикалық жобаларды дамыту жөніндегі шешімдерінің ешқандай саяси астары жоқ, деп мәлім етті мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
«Бүгін Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді. Осыған байланысты журналистер тарапынан сұрақтар түсіп жатыр. Бұл жерде, ең алдымен, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болып отыр. Жиында жаңа көлік дәліздерін ашу мәселесі талқыланды. Бұл бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді жоспар. Шын мәнінде, қабылданған шешімдердің ешқандай саяси астары жоқ», - деп жазды Желдібай бейсенбі күні әлеуметтік парақшасында.
Ол атап өткендей, Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз.
Атап өтелік, 6 шілде күні ресейлік соттың КҚК жұмысын экологиялық бұзушылықтар бар деген себеппен уақытша тоқтатқаны белгілі болғаннан кейін мемлекет басшысы мәлімдеме жасады. Қазақстан үкіметі Ресейдің әрекетінің салдарын қалай жеңілдетуді ойластырып жатыр. Ал КҚК-нің өзі болса ресейлік сотқа мұның салдары ауыр болуы мүмкін екендігін алға тартып, шешімді орындауды тоқтату туралы өтініш жасаған. 7 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий бағдары бойынша мұнайды экспорттаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Қазақстан энергетика министрлігі мәлімдегендей, қазақстандық мұнай КҚК жүйесі бойынша Ресей арқылы штаттық режимде экспортталуда.

adimage