Тоқаев VІI шақырылымдағы мәжіліс сайлауын жариялады

Күні: 10:39, 21-10-2020.

Астана. 21 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VІI шақырылымдағы мәжіліс сайлауын жариялады, деп хабарлады Ақорда.
«Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалсын. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 11 қаңтарға тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастырсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдасы», - делінген сәрсенбідегі Тоқаевтың жарлығында.
Бұған дейін ҚазТАГ ХАА Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті мәжіліс сайлауын жариялау уақыты аз қалғанын хабарлаған еді. Соңғы рет VI шақырылымдағы мәжіліс сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтті, ал 2016 жылдың 25 наурызында парламенттің төменгі палатасының қазіргі құрамы ант қабылдады – осылайша, қазіргі мәжілісмендердің өкілеттігінің аяқталуына бес ай қалды.
Атап өтелік, мәжіліс пен өңірлік мәслихат сайлауы 2021 жылдың басында өтуі керек.
Бұған дейін, «HAQ» қозғалысы сайлауға онлайн-дауыс беруге қарсы петиция құрды, ал 11 қазанда ҚазТАГ орталық сайлау комиссиясының коронавирус пандемиясы тұсында сайлау процесіне дайындалып жатқанын хабарлады.
Еске салсақ, Қазақстанда жақын арада сайлау өтуі мүмкін екенінің алғашқы белгілері тамыз айының аяғында байқалған еді – 27 тамызда Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі өтті. Назарбаев пен Тоқаев саяси кеңес бюросының алдағы отырысының күн тәртібі мен партияның сайлау алды платформасының негізгі пункттерін қарастырды.


Жаңалықтармен бөлісу: