Тоқаев Арыстағы жарылыс үшін қорғаныс экс-министрі Жасұзақовты ҚК жүйесінен шығарды

Астана. 7 тамыз. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыс үшін бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қарулы күштер (ҚК) жүйесінен шығарды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысының Өкімімен өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінен шығарылды», - деп хабарлады сейсенбі күні Ақорда.
Келесі лауазымды қызметкерлерге: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші
орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші
орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Жәлелұлы Майкеевке; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жеңісұлы Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.
Еске салсақ, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты, 165 адам зардап шекті. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді.
15 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы ТЖ үшін қатаң сөгіс жариялады. Сонымен қатар 17 шілдеде мемлекет басшысы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке «Арыстағы жарылыс дерегі бойынша қылмыстық істің тексерілуінің объективтілігі мен заңдылығын қамтамасыз етуді және барлық кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды» тапсырды.

adimage